Мемлекеттік сатып алулар порталының жұмысы тиімді - «Зерде» холдингі
Бұл туралы бүгін Астанада 2009 жылдың бірінші жартыжылдығында аталған электронды порталдың жұмыс нәтижесіне арналған баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Портал (www.goszakup.gov.kz ) электронды мемлекеттік сатып алулар жүйесінің қызметіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірыңғай ақпараттық желі. Ол ҚР Қаржы министрлігінің тапсырысымен «Зерде» ұлттық холдингі құрамына кіретін Электронды коммерциялық орталығымен әзірленіп, өткен жылдың сәуір айынан бастап тәжірибелік пайдалануға енгізілді.
«Қазіргі кезде бұл жүйеде бағалық ұсыныс әдісімен сатып алулар жүргізілуде. Атап айтқанда оның жұмысы тиімді және қаржы үнемдеу бойынша оң үрдіс байқалуда»,-деді «Зерде» Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әзиза Шүжеева.
Онда жүргізілген сатып алулар 12 миллиард теңгені құрайды. Қаржылық үнемдеу көлемі 25 пайыз, яғни 2 миллиард 890 миллион теңгеге жетіп отыр.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, биылғы жылдың басынан бері веб-порталында мемлекеттік сатып алуға 22 904 қатысушы тіркелді. Оның ішінде 16 мыңнан астамы тапсырыс беруші.