Мемлекеттік тіл мәселелерін шешуге қоғам қозғау салуы керек - БҚО

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы БҚО бөлімшесінің төрағасы Болат Жексенғалиевтің атап өткеніндей, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың маңызы зор. Мемлекеттік тіл мәселелерін шешуге қоғам да қозғау салуы тиіс. Қай іс те азаматтық қоғамның белсенді араласуымен жүзеге асырылатыны белгілі. Осыған байланысты облыста ашық ой-пікір алмасу алаңын қалыптастыру, тіл саясаты жөніндегі қоғамдық кеңестің ықпал ету аясын кеңейту, нақты ұсыныстарды мемлекеттік органдарға жеткізіп, оның орындалуына түрткі болу аса маңызды.
Жиында «Абырой» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, заңгер Абзал Құспан күнделікті өмірде тілге байланысты туындап отырған түрлі мәселелерді қолданыстағы заң аясында шешу қажеттігін атап көрсетті. Азаматтардың белсенділігі жоғары болғанда ғана тілге қатысты заңбұзушылықтың жолы кесіледі. Егер жер, еңбек дауы сияқты тіл заңын бұзушылық сотта жиі қаралса, онда Жоғары сот тілге байланысты нормативтік қаулы қабылдар еді.
Дөңгелек үстел отырысында сондай-ақ еңбек ардагерлері Тихон Әліпқали, Асқар Атаев, Шолпан Қыдырниязова, Орал қалалық мәслихатының депутаты Мақсот Берген және басқалар мемлекеттік тілді қолдану тетіктерін пайдалана білу, ана тілін оқыту, ұрпақ тәрбиесі төңірегінде өзекті мәселелерді көтерді. Көршілес Ресей облыстарындағы қандас бауырларды ана тіліне үйретуде қолғабыс көрсету, жер-су, елді мекендер атауларын қазіргі заман талаптарына сәйкестендіру қажеттігі де айтылды.
Талқыланған мәселелер бойынша тиісті ұсынба қабылданды.