18:36, 12 Қаңтар 2009 | GMT +5
Мемлекеттік тіл саясатында «Нұр Отан» ХДП-ның зор әлеуетін пайдаланатын боламыз ? Б. Әбдіғалиев
АСТАНА. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік тіл саясатында «Нұр Отан» ХДП-ның зор әлеуетін пайдаланатын боламыз. Бүгін «Нұр Отан» ХДП мен Мемлекеттік тілді дамытудың Президенттік қоры арасында Тіл саясатындағы бірлескен қызмет туралы меморандумға қол қою рәсімі барысында Президенттік қор төрағасы Берік Әбдіғалиев осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік тілді дамытудың Президенттік қоры 2008 жылы қыркүйек айында ресми түрде құрылып, желтоқсан айынан бастап жұмыс істей бастады. Сондықтан да негізгі жұмыстарды енді қолға алып, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселеге бел шешіп кірісеміз деп отырмыз. Жалпы, тіл мәселесі бұл қаржыға соншалықты тікелей тәуелді емес. Бірақ, тілге қарым-қатынас, құрмет пен сыйластық керек. Осы мақсатта «Нұр Отан» ХДП-ның зор әлеуетін пайдаланатын боламыз. Ал Президенттік қордың ұстанатын бағыты қоғамдағы тілге қатысты жобаларды жұмылдыру, қолдау, ынталандыру болып табылады», деді Б. Әбдіғалиев.
Оның айтуынша, Президенттік қор тіл саясатымен тікелей айналысатын мемлекеттік органдардың жұмысын қайталамай, қоғамның ішкі мәселелерімен шұғылданатын болады. Осы тұрғыда ұлттық тақырыпта пікірталастар, ұлт-азаттық қозғалыстарға, қазақ тарихына қатысты сирек кездесетін кітаптар шығару қордың басым жұмыстарының бірі болмақ. Сонымен бірге, Президенттік қор ұлттық мінез, ұлттық ар мен ұятты, намысты оятатын жобаларды да қолдауды көздеп отыр. «Тоқтала кететін жайт, біз алдағы уақытта қазақ тілінің мәселесін орыс тілінде насихаттауды, талқылауды қолға алмақшымыз. Өйткені бүгінгі күнге дейін қазақ тілінің мәселесі қазақы ортада ғана талқыланып, қазақы рухта болса да тілді білмейтін азаматтарға жетпей жатады. Сондай-ақ алдағы уақытта «Нұр Отан» ХДП-мен бірлесе отырып тіл мәселесіне қатысты қоғамдық тыңдаулар өткізбек ниеттеміз», деді Б. Әбдіғалиев.