Мемлекеттік тілді меңгеру әркімнің де қолынан келеді - Б.Мизамбаева, мұғалім, БҚО
ОРАЛ. 29 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында 2020 жылы Қазақстан халқының 95 пайызы, мектеп түлектері түгелдей мемлекеттік тілді меңгеруі қажеттігін атап көрсетті.
Бұл - шын ниеттенсе, әркімнің де қолынан келетін іс. Бұл туралы Бөкей ордасы ауданындағы биыл іргесі қаланғанына 170 жыл толатын Жәңгір хан атындағы Орда орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бақытханым Мизамбаева мәлім етті.
Оның айтуынша, қазіргідей келісім мен тыныштық салтанат құрған Қазақ елінде мемлекеттік тілді кім-кім де үйрене алады. Ауылдық жерде тұратындар тілдік орта болғандықтан, тіл мәселесінде еш қиналмайды. Тіпті өз ортасынан оза шауып, облыстық, республикалық тіл жарыстарында жүлде алып жүрген өзге ұлт өкілдері баршылық. «Бұл ретте, меніңше, басты назарды қала мектептеріне аудару керек. Себебі, қалаға барған кезде көріп жүргеніміздей, ондағы қазақ мектептерінде оқитындардың өздері үзіліске шыққан кезде орысша шүйіркелесіп жатады. Сабақ орысша жүргізілетін мектептерде жағдай бұдан да күрделі. Сондықтан Елбасы тапсырмасын орындау үшін алдымен орыс немесе аралас мектептерде қазақ тілін үйретуді жолға қою керек. Әйтпесе жылдар бойы қалыптасып қалған дағдыны бұзу оңайға соқпайды. Ал біздер шәкірттерімізге қазақ тілінің қыр-сырын терең үйрету ісін жалғастыра беретін боламыз», деді Б.Мизамбаева.