17:42, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Мемлекеттік тілге үлкен көңіл бөлу қажет - Ақтөбе
АҚТӨБЕ. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ – Бүгін Ақтөбе облыстық әкімдігінде Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және заңнама» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Барлық мүдделі тараптардың қатысуымен өткен «дөңгелек үстелде» қаралған негізгі тақырып ? мемлекеттік тіл туралы заңнаманың түсіндірілуін, мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде заңның іс жүзінде іске асырылуын талқылау болды. Тілдерді дамыту басқармасы бастығының орынбасары Гүләйім Төлебаеваның айтуынша, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі бүгінгі күні іс жүзінде толықтай іске асырылмай келеді. Іс қағаздарын жүргізуде және қызметтік өзара қарым-қатынастарда мемлекеттік тілге екінші дәрежедегі рөл беріледі. Бұдан 10 жыл бұрын қабылданған мемлекеттік тіл туралы заңға өзгеріс енгізу қажет, деп санайды Г.Төлебаева. Кей жағдайларда мемлекеттік органдар мемлекеттік тіл туралы заңды қате ұғынады, мемлекеттік органдар іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге құқылы болғанымен құжаттар бір мезгілде екі тілде ? мемлекеттік және ресми тілдерде орындалуы тиіс деген ұғым қалыптасқан. 2008 жылы тілдерді дамыту басқармасы 65 кәсіпорында ? 40 мемлекеттік құрылымда және 25 мемлекеттік емес кәсіпорында тексеру жүргізді. Тексеру жүргізілген мемлекеттік органдардың 45 пайызында мемлекеттік тілді дамытумен айналысатын мамандар болмай шықты, облыс бойынша жалпы көрсеткіш жоғары болғанымен, тексеру жүргізілген мекемелердің тек 50 пайызында ғана іс қағаздары мемлекеттік тілде жүргізілетіні анықталды.