Мемлекеттік және еліміздегі басқа да тілдерді дамытуға келер жылғы бюджеттен 4 млрд. 44 млн. теңге жұмсалады
АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді дамыту бағдарламасына 2013 жылғы бюджеттен 4 млрд. 44 млн. теңге жұмсау көзделеді.
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстыру барысында мәлім болды.
Атап айтқанда, бюджет шығыстарына орай, терминология мен ономастиканы дамытуға 2013 жылғы бюджеттен 31,4 млрд. теңге, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған оқыту және ынталандыру сипатындағы ұйымдастыру-әдістемелік іс-шараларға, мемлекеттік тілді үйрету курстарын қолдауға 125 млн. теңге қарастырылған.
Бұдан бөлек, шет елдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің мемлекеттік тілді зерделеуін қолдауға, шет елдердегі отандастырымыз мәселелері бойынша әлеуметтік және талдамалық зерттеулерге 42,6 млн. теңге көзделеді.
Сонымен қатар, фильмдерді мемлекеттік тілге дубляждауды қамтамасыз етуде мемлекеттік қолдау көрсетуге 300 млн. теңге жұмсалады. Ал қазақ тіліндегі топографиялық карталарды әзірлеу және шығаруға, географиялық атаулардың мемлекеттік каталогын жаңартуға 378,3 млн. теңге бөлінеді.