Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мемлекеттің мықты болуы отбасының берік болуына байланысты - депутат Оразкүл Асанғазы

АЛМАТЫ. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Отбасы құндылығын насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше. Бұл бүгін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институтының ұйымдастыруымен өткен «Отан - отбасынан басталады» деген тақырыпта өткен алқалы жиында айтылды.

Мемлекеттің мықты болуы отбасының берік болуына байланысты - депутат Оразкүл Асанғазы
«Отбасының берекесін, бірлігін сақтаған және мемлекетіне, халқына керемет ұл-қыз тәрбиелеген өнегелі отбасылар еліміздің барлық жерінде бар. Бұқаралық ақпарат құралдары оларды әрдайым насихаттап, халыққа үлгі-өнеге етуі керек. Жаһандану заманында бой көрсетіп жатқан бір жыныстылардың некесі сияқты жаман әдеттерден қорғанудың бір жолы қазақтың салт-дәстүріне негізделген, өз құндылықтарына лайықты отбасыларды құруға байланысты. Оған әрбір үйдің шегесі болып саналатын болашақ аналарды тәрбиелеп жатқан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің де қосатын үлесі қомақты», - дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы. Мемлекеттік ең жоғарғы заң шығару органы өкілінің айтуынша, отбасы - мемлекеттің басты құндылығы. Шаңырағының биік, керегесінің кең, босағасының берік болуы арқылы әр азамат өз мемлекетінің гүлденуіне ықпал ететінін ұғынуы тиіс.