Мемлекеттің пайдасына 2 млн. 382 мың теңге әкімшілік айыппұлдар өндірілді

АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының прокуратурасы Мұнайлы аумақтық сот орындаушыларының мемлекеттің пайдасына әкімшілік айыппұлды өндіру туралы сот актілері орындалуының заңдылығына тексеру жүргізілді.

Мемлекеттің пайдасына 2 млн. 382 мың теңге әкімшілік айыппұлдар өндірілді

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.

Мұнайлы аумақтық сот орындаушылар бөлімінде 2011 жылдың 6 айында 5 млн. 525 мың 504 теңгені құрайтын 299 атқару өндірісі алынған еді. Бұның 3 млн. 579 мың 760 теңгені құрайтын 165 атқару өндірісі аяқталған. Аталған санаттағы атқару өндірістерін орындау барысында ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылар мәртебесі туралы» Заң талаптарының бұзылуына жол берілгендігі анықталды. Бұл ретте сот орындаушыларының 108 атқару құжаттары бойынша заңда көзделген мерзімнің ішінде орындалуын толық қамтамасыз етпей, тек қана атқару құжатын қозғау туралы қаулы шығарумен шектелгендіктері анықталды», - делінген баспасөз айғағында.

Тексеру қорытындысымен аудан прокуратурасы облыстық сот актілерін орындау Департаментіне ұсыныс енгізді. Соның нәтижесінде 86 атқару құжаты орындалып, 2 млн. 382 мың 808 теңгені құрайтын айыппұл мемлекет пайдасына өндірілген. Кінәлі лауазымды қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.