Мемлекеттік бағдарлама бойынша ипотекалық, жалдамалы тұрғын үйлер қалай үлестіріледі – маман жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында ипотекаға, жалға берілетін пәтерлер салымшылар арасында қалай бөлінеді? Осы және өзге де сауалдарға Отбасы банкінің өкілі жауап берді.

ипотека
Коллаж: Kazinform / Freepik

- Ипотекалық пәтерлер үлестіретін кезде алдымен әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардың өтініміне назар аударылады. Ол кісілер артықшылық беріледі, яғни алғаш берілетін пәтерлерге үмітті. Одан әрі ретімен басқа санаттағы азаматтар арасында үйлестіріледі. Жалдамалы пәтерлерді үлестіру бойынша, ол жерде азаматтың тұрғын үй кезегіне тұрған мерзімге байланысты. Айта кететін жайт, жалдамалы пәтерді тұрып жатқан отбасы атына жекешелендіру мәселесі жергілікті атқарушы органдармен шарт жасасқан кезде белгілі болады, - деп түсіндірді Отбасы банкінің өкілі Рауан Мақсұтханов ипотекалық, жалдамалы тұрғын үйлерді бөлу тақырыбына арналған әлеуметтік желіде өткен тікелей эфир кезінде.

Одан банк маманы кредиттік (несиелік) баспана алу ережелерін түсіндірді.

- Пәтерді несие арқылы бірден өз атыңызға аударып алуға болады. Бұл бағдарлама бұрыннан бар және көпке танымал. Өздеріңіз білетін «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» тұрғын үй бағдарламасын аясында қолданылды. Қазір ол бағдарламалар топтастырылды, біз оны бір ауыздан концепция дейміз, концепция кезінде белгілі көлемде пәтерлер беріледі. Мысалы, жергілікті атқарушы орган 100 пәтерлі тұрғын үй салды. Жергілікті атқарушы орган біздің банкке өтініш жазады, 100 пәтерді концепция аясында жүзеге асырып, үйлестіруімізді сұрайды. Өтініш негізінде пәтерлер банк порталына енгізіледі, барлық мәлімет тексеріледі, содан соң біз пәтерлерге конкурс жариялаймыз. Пәтерлер конкурсқа келіп түскен өтінімдер негізінде салымшылар арасында үлестіріледі, - дейді ол.

Жыл басында Үкімет басшысы Олжас Бектенов жалға берілетін жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасын кеңейту қажеттігін тапсырған еді. 

Қыркүйекте салынып жатқан үйден Отбасы банк арқылы ипотека рәсімдеудің талаптары туралы жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар