Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мемлекеттік грантқа өте алмаған талапкерлерге тағы қандай мүмкіндік бар

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік білім беру грантына өте алмаған талапкерлер әкімдіктердің, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының, жоғары оқу орындарының және бірқатар компаниялардың білім гранттарына үміткер бола алады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті басқармасының басшысы Жандәулет Құдайбергенов Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында айтты.

грант
Видеодан алынған кадр

Оның сөзінше, республикалық бюджет есебінен бөлінетін мемлекеттік білім гранттарына конкурс 20 шілдеге дейін жалғасады. Ал оның қорытындысы 10 тамызға дейін жарияланады.

— Мемлекеттік гранттан бөлек талапкерлер үшін басқа да мүмкіндіктер қарастырылған. Соның бірі — жергілікті әкімдіктер бөлетін гранттар. Бұл өкілеттік әкімдіктерге 2019 жылы берілді. Содан бері жергілікті бюджет есебінен жыл сайын шамамен 2,5–3 мың білім гранты бөлініп келеді, — деді Жандәулет Құдайбергенов.

Оның айтуына қарағанда, талапкерлер «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім гранттарына да үміткер бола алады. Бұл гранттар негізінен ҰБТ-дан жоғары балл жинағанымен, мемлекеттік грант иегері атанбаған әлеуметтік осал топтағы талапкерлерге беріледі.
Бұдан бөлек, түрлі ұйымдар мен ірі компаниялар да өз қаражаты есебінен білім гранттарын бөледі.

— Былтыр Freedom Bank өз қаражаты есебінен білім гранттарын бөлді. Бұдан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» те талапкерлерге арналған өз гранттарын ұсынды. Ал докторантура деңгейінде «Қазақмыс» компаниясымен бірлесіп кадр даярлау жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді комитет басқармасының басшысы.

Оның айтуынша, мемлекеттік гранттар конкурсының қорытындысы шыққаннан кейін министрлік талапкерлерге арналған балама гранттардың арнайы тізімін жариялайды.

— Мемлекеттік гранттан бөлек қайда оқуға түсуге болатыны жөніндегі арнайы тізім міндетті түрде жарияланады. Оған әкімдіктердің, қоғамдық қорлардың, жоғары оқу орындарының және түрлі ұйымдардың гранттары енгізіледі. Бұл тізімді биыл да жариялаймыз, — деді Жандәулет Құдайбергенов.

Комитет басқармасының басшысы әр гранттың өз талаптары бар екенін айтты. Сондықтан мемлекеттік грантқа өте алмаған талапкерлер талаптарға сай келген жағдайда өзге бағдарламалар арқылы да тегін білім алу мүмкіндігіне ие бола алады.

Еске салайық, биылғы негізгі ҰБТ 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтті. Тестілеуге 233 мың талапкер қатысып, екі мүмкіндігін қоса есептегенде тест 422 мың рет тапсырылды.