Мемлекеттік кеңесші Балалардың құқығын қорғау жөнінде республикалық кеңес өткізді
АСТАНА. KAZINFORM — Ерлан Қариннің төрағалығымен Балалардың құқығын қорғау жөнінде республикалық кеңес өтті. Оған облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Кеңесте кәмелет жасына толмағандарға байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың жазғы демалыстарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар «Адал азамат» біртұтас тәрбие беру бағдарламасын жүзеге асыру және оны мектептерге енгізу барысы пысықталды.
Басқосуда Оқу-ағарту, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау министрліктерінің басшылары, Бас прокурордың орынбасары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл және бірқатар облыс әкімінің орынбасарлары баяндама жасады.
Отырыста балалардың құқықтарын қорғауға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты мәселелер мен осы бағытта қолға алынған шаралар туралы айтылды.
Мемлекеттік кеңесші бүгінде елімізде балалардың құқығын қорғау мен қауіпсіздігін сақтау бойынша тиімді институционалдық және заңнамалық жүйе қалыптасқанын атап өтті. Бұған балалардың құқығын қорғауға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша мән беретін Мемлекет басшысының берік ұстанымы зор ықпалын тигізді.

Жиын соңында Ерлан Қарин аталған бағытта үйлесімді жұмыс істеудің, сондай-ақ оған ата-аналар қауымдастығын тартудың маңызына тоқталды. Мемлекеттік кеңесші балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуді жауапты мемлекеттік органдар мен облыс басшылығы жүйелі түрде бақылауда ұстауға тиіс екенін жеткізді. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін айқындайтын негізгі көрсеткіштің бірі екеніне назар аударды.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин Конституциялық реформаның нәтижелері туралы айтқан еді.