Мемлекеттік кеңесші қазіргі Конституция мен жаңа Конституцияның айырмашылықтарын атады
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин 1995 жылы қабылданған Конституция мен жаңа Конституция жобасының айырмашылықтарын атады.
- Әлеуметтік желіден оқып жатырмыз. Комиссия осы күндері шешім қабылдады дегенге саятын пікірлер бар. Біз мәтінді қоғамдық талқылау үшін жариялап отырмыз. Білсеңіздер, 1995 жылы қабылданған Ата заңды кезінде дайындау үшін арнайы сарапшылар кеңесі құрылған болатын. Оның құрамында бар болғаны 12 адам болды. Біздің Конституциялық комиссияның құрамында 130 адам бар. Барлық өңірлердің өкілдері осы жиынға, әр отырысқа қатысып отыр. Қазір қолданыстағы Ата заңды дайындауға қатысқан 12 азаматтың 9-ы Қазақстан азаматы, қалған үшеуі сырттан шақырылған маман еді. Біз қоғам назарына ұсынып отырған Ата заңды елдің азаматтары дайындап отыр. Сырттан ешкім келіп дайындап жатқан жоқ. Сондықтан біз дайындап, қоғам назарына ұсынып отырған Конституция жобасы шын мәнінде нағыз халықтық Конституция деп айтуға болады. Себебі барлық өңірлердің, барлық саланың, өкілдері қатысып отыр. Барлық отырыс тікелей эфирде, халықтың назарында, - деді Мемлекеттік кеңесші Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында.
Ерлан Қариннің айтуына қарағанда, қолданыстағы Ата заңның елдің дамуына, мемлекеттілігіміздің нығаюына қосқан үлесін ешкім де жоққа шығарғалы жатқан жоқ.
- Бірақ бұл Ата заң еліміз енді ғана тәуелсіздік алып жатқан кезде, елең-алаң шақта қабылданды. Ал біз қазір мемлекеттілігі орныққан, тәуелсіздігі бекіген, әлем қауымдастығында өз орнын иеленген мемлекетпіз. Қолданыстағы Ата заң посткеңестік, транзиттік рухта жазылса, жаңа Конституция заманауи әрі ұлттық мүддені көздейді. Қазіргі Конституцияда мемлекеттің мүддесіне басымдық берілсе, жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары бірінші орынға шығып отыр. 1995 жылы қабылданған Ата заңда бірегейлік мүлдем қамтылмаған еді. Ал жаңа Конституцияда ұлттық және тарихи бірегейлік нақты мәлімделген.
Қолданыстағы Ата заңда билік бір орталықтарда шоғырланса, жаңа Конституцияда тең баланс орнатылған, - деді Мемлекеттік кеңесші.
Айта кету керек, өткен апта аяғында жарияланған жаңа Конституцияның жобасында мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы норма 9-бапта орналасқан. Ол жерде мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені, ал мемлекеттік мекемелер мен өзін-өзі басқару ұйымдарында орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылатыны айтылған.