Мемлекеттік кеңесші Конституциялық комиссияның жұмысына қатысты пікір айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Аса маңызды мәселелерді эмоциямен емес, ақылмен талдап отырғанымыз абзал. Бұл туралы бүгін Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның жетінші отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлім етті.
— Конституциялық комиссия жұмысының үлкен артықшылығы — ол комиссия алғашқы күннен бастап ашық форматта өтіп жатыр. Барлық отырыс тікелей эфирде көрсетіліп келеді. Сондықтан осы мінберде айтылып жатқан пікірлерді халық бірден естіп отыр. Әр комиссияның отырысында қоғам тарапынан қандай да бір сұрақ болса, бірден жауап беріп, кері байланысты қамтамасыз етіп отырмыз. Менің ойымша, Конституциялық комиссия жұмысының үлкен артықшылығы осында, — деді Е. Қарин.
Осы орайда ол алдағы комиссия отырыстарында дәл мұндай форматта жұмысты ұйымдастыру керек екенін атап өтті.
— Комиссияның тиімді тұстарын осы бағытта пайдалану қажет. Ең бастысы, аса маңызды елдік мәселелерді эмоциямен емес, ақылмен талдап отырғанымыз абзал, — деді Мемлекеттік кеңесші.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында Ерлан Қарин жаңа преамбулада мемлекеттік шекарасы мен аумақтық тұтастығына қол сұғылмайтыны анық жазылғанын айтты.