Мемлекеттік қызметші зейнетке шыққанда 4 жалақы мөлшерінде төлем беріледі – Жаңа заң
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік қызметшілер еңбекақысы кемінде үш жылда бір рет міндетті түрде индекстеледі. Жаңа әлеуметтік қорғау туралы жаңашылдықтар «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасында жазылған.
– Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуына ерекше назар аударылады. Мемлекетке қызмет ету және мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жоғары талаптар олардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етумен үйлесімді түрде ұштасуы тиіс. Заң жобасы қызметтік ауыстырулар (передислокация, ротация, ауысу) кезінде кепілдіктерді, демалыс және мереке күндері жұмысқа тартылғаны үшін міндетті өтемақыны, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі еңбек өтіліне байланысты қосымша демалыс күндерін бекітеді, - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Мәжілістің жалпы отырысында.
Сонымен бірге, мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі кемінде 25 жыл болған қызметшілер үшін зейнетке шыққанда 4 лауазымдық жалақы мөлшерінде міндетті төлем қарастырылған.
Спикердің айтуынша, бұл шара әділдікті қамтамасыз етуге және олардың мемлекетке көпжылдық қызметіне құрмет білдіруге бағытталған.
– Заң жобасында талантты әрі ынталы мамандар үшін мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру шаралары да айқындалған. Атап айтқанда, мансаптық өсудің жаңа тұжырымдамасы енгізіледі — тек вертикалды өсу ғана емес, лауазым шеңберінде кәсіби даму қарастырылады. Мұндай тәсіл мемлекеттік қызметшілердің жүйелі түрде өзін-өзі дамытуына ықпал етеді, бұл түптеп келгенде олардың жалақысының өсуіне әсер етеді. Яғни бір лауазым шеңберіндегі кәсіби даму және еңбекақыны кемінде үш жылда бір рет міндетті түрде индекстеу тиімді мемлекеттік қызметшілер есебінен институционалдық жадты сақтауға бағытталған, - деді Д. Жазықбай.
Айта кетейік, Мәжілісте «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Мемлекеттік қызметшілердің қызметіне соңғы түпкілікті бағаны ел азаматтары беруі керек.