Мемқызметшілер мен депутаттар жариялауға міндетті кірістер тізімі жаңартылды
АСТАНА. KAZINFORM –Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы биыл 11 қарашада жаңа редакцияда кіріс туралы жариялануға тиіс мәліметтер тізімін бекітті.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 11-бабының 9-тармағы күшіне енді. Аталған нормаға сәйкес, 2025 жылдан бастап саяси мемлекеттік қызметшілер, «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері, Парламент депутаттары, адам құқықтары жөніндегі уәкіл, судьялар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басқарушылық функцияларды атқаратын тұлғалар және олардың жұбайлары жыл сайын 31 желтоқсанға дейін өздерінің кірістері мен мүлкі туралы декларацияларда көрсетілген мәліметтерді жариялауға міндетті.
Осыған байланысты Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жариялануы тиіс деректердің өзектендірілген тізімін бекітті.
1. Жеке тұлға өзі салық салатын кірістер туралы мәліметтер:
жалпы сома;
декларация тапсырған тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса).
2. Есепті кезең ішінде, оның ішінде ҚР-дан тыс жерде, мүлік (ақша) сатып алу және оған шығындарды жабу көздері туралы мәліметтер:
сатып алынған мүліктің түрі;
сатып алу фактісі туралы деректер;
мүлік алынған елдің коды;
сатып алу құны (бағасы);
декларация тапсырған тұлғаның деректері.
3. Есепті кезең ішінде мүлікті иеліктен шығару туралы мәліметтер:
иеліктен шығарылған мүліктің түрі;
мүлік орналасқан елдің коды;
сатылған бағасы (теңге түрінде);
декларация тапсырған тұлғаның деректері.
4. Шетелдегі банктердегі ақшалар туралы мәліметтер (жалпы сомасы 1 000 АЕК-тен асқан жағдайда):
шоттардағы ақша сомасы;
валюта коды;
сомасы және валютасы;
банк атауы;
банк тіркелген елдің коды;
декларация тапсырған тұлғаның деректері.
5. 31 желтоқсанға шетелде тіркелген мүлік пен активтер туралы мәліметтер:
мүліктің түрі:
мемлекеттік немесе өзге де есепке алынатын жылжымайтын мүлік, көлік және т.б.;
Қазақстаннан тыс тіркелген бағалы қағаздар, цифрлық активтер;
инвестициялық алтын;
шетелде тіркелген заңды тұлғаның капиталындағы үлес;
мүлік тіркелген елдің коды;
декларация тапсырған тұлғаның деректері.
Аталған деректер мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, Парламенттің, Жоғарғы соттың кадр қызметтеріне ұсынылады. Сонымен қатар мәліметтер кадр қызметтері арқылы ресми интернет-ресурстарда есепті жылдан кейінгі жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірілмей орналастырылады.
Егер декларацияда көрсетілуге тиіс кірістер, мүлік және өзге жаңа деректер болмаса, олар жарияланбайды.
Құжат 2025 жылғы 28 қарашадан бастап күшіне енеді.
Бұған дейін Қазақстан кірістерді жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі халықаралық орталық құруға қатысатынын жазғанбыз.