Мемлекеттік қолдаумен жарық көрген фильмдерден 351 млн теңге кіріс түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2023 жылғы қаңтардан 2026 жылғы тамызға дейін. бюджет қаражаты есебінен экранға шыққан фильмдердің прокатынан Мемлекеттік ұлттық киноны қолдау орталығына 351,4 млн теңге түскен. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Мемлекеттік қолдаумен жарық көрген фильмдерден 351 млн теңге кіріс түсті
Фото: freepik.com

Ведомствоның мәліметінше, Кино орталығы коммерциялық емес ұйым ретінде өзі өндіруге қатысқан фильмдерді прокатқа шығару және өткізу құқықтарының барлығын өндірушілер мен продюсерлерге береді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, осы табыстың 20 пайызы Кино орталығына аударылады.

— 2023 жылғы қаңтардан 2026 жылғы тамызға дейін осындай түсімдердің жалпы сомасы — 351,4 млн теңге, — делінген Мәдениет министрлігінің жауабында.

Министрлік мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бағалау кезінде фильмнің қаржылық қайтарымын ғана басшылыққа алмайды. Бағалау өлшемдеріне шарттық міндеттемелердің орындалуы, өндірістің аяқталуы, көрермен қамтылымы, прокат нәтижелері, фильмді халықаралық деңгейде ілгерілету көрсеткіштері мен фестивальдердегі нәтижелері, сондай-ақ жобаның мәдени, ағартушылық және әлеуметтік маңызы кіреді.

Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі ұлттық тарихи-мәдени мұраны сақтау, мемлекеттік тілді дамыту, жас кинематографистерді қолдау, авторлық, деректі және анимациялық киноны дамыту маңызды міндеттердің бірі болып қала беретінін хабарлады.

Айта кетейік, бұған дейін, Қазақстан қалаларында кино билетінің құнын жазған едік.