Мемлекеттік кірестер комитеті қандай маркетплейстерге жаңа кедендік талап қойылмайтынын айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің кедендік аумағында тұратын, немесе уақытша болатын жеке тұлғалардың шетелдік интернет-платформалардан интернет желісі арқылы сатып алатын тауарларына қатысты жаңа кедендік реттеу енгізіледі.
Атап айтқанда, жаңа тәртіп интернет-дүкен арқылы жүзеге асырылатын В2С (business-to-consumer) форматындағы саудаға, яғни сатушы заңды тұлға, ал сатып алушы жеке тұлға болған жағдайда қолданылады.
Сонымен қатар өзгерістер ЕАЭО аумағына бұрыннан әкелінген және Wildberries, Ozon, Kaspi.kz сияқты жергілікті интернет-алаңдар арқылы сатылатын тауарларға қолданылмайды. Осылайша, жеке пайдалануға арналған құны 200 еуродан аспайтын тауарларға тапсырыс беретін сатып алушылардың басым бөлігі үшін сатып алу және сәлемдемені алу тәртібі бұрынғыдай сақталады.
Осыған байланысты ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Кедендік әдіснама басқармасының бас сарапшысы Мархабат Омарова «Ашық үкімет» порталында Wildberries, Ozon т.б. платформалары арқылы сатып алынатын тауарларға жаңа өзгерістердің қолданылмауының себебін түсіндірді.
Уәкілетті органның мәліметінше, Wildberries, Ozon және Kaspi.kz сияқты интернет-алаңдар ЕАЭО аумағында, яғни одаққа мүше мемлекеттер арасында сауда жүргізеді. Сондықтан бұл платформаларда сатылатын тауарлар кедендік ресімдеуден өтіп қойған және шетелдік тауарлар санатына жатпайды.
Сондай-ақ ведомство өкілі 200 еуро көлеміндегі бажсыз әкелу лимитінің бір тапсырысқа емес, әрбір жеке сәлемдемеге қолданылатынын нақтылады.
Temu, AliExpress, iHerb секілді шетелдік интернет-платформалардан сатып алынатын тауарларға қатысты декларацияны жеке тұлғалар өз бетінше бере алады немесе электрондық сауда операторларының қызметіне жүгіне алады.
– Бұл ретте декларация бергені үшін қандай да бір қосымша ақы алу мәселелерін, сондай-ақ мұндай қызметтің құнын операторлар белгілейді. Алайда, қолда бар ақпарат бойынша "Қазпошта" АҚ және т.б. сияқты қызметтің осы түрімен айналысатын компаниялардың көпшілігі құны бажсыз әкелу шегінен аспайтын тауарлар үшін өз қызметтері үшін ақы алмайтынын атап өтеміз, – деп хабарлады сарапшы.
Айта кетейік, 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан пилоттық жобаға «Қазпошта» АҚ, «ДХЛ Интернешнл Казахстан» ЖШС және электрондық сауданың негізгі көлемін тасымалдайтын басқа да компаниялар қатысып келеді.
Ведомствоның мәліметінше, пилоттық жоба аясында туындайтын проблемалық мәселелер кезең-кезеңімен пысықталып жатыр. Қазіргі уақытқа дейін жеке тұлғалардың шетелдік интернет-дүкендерден тапсырыс беруіне байланысты қиындықтар тіркелмеген.
Айта кетейік, маркетплейстер қазақстандық тауарларды кеңінен көрсетуге міндеттелуі мүмкін екенін жазғанбыз.