Мемлекеттік органдар заңнамамен бекітілген ақпараттық қауіпсіздік талаптарын жиі бұзады
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік органдар мен ұйымдар заңнамамен бекітілген ақпараттық қауіпсіздік талаптарын жиі бұзады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.
– Өткен жылы елдің киберқауіпсіздігін күшейту бойынша бірқатар маңызды шара қабылданды. Бірінші басшылардың жауапкершілігі енгізілді. Азаматтардың дербес деректерін қорғау талаптары күшейтілді. 1 млн-нан астам адам кибергигиенаны оқытумен қамтылды. Мемлекеттік органдардарға тарихи тұрғыда барынша көп тексеру жүргізілді. Нәтижесінде маңызды қорытындыға келдік. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар заңнамамен бекітілген ақпараттық қауіпсіздік талаптарын жиі бұзады, - деді вице-премьер.
Осыған орай Жаслан Мадиев орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сақталуына және азаматтардың дербес деректерінің қорғалуына бақылауды күшейту қажеттігін ескертті.
- Мемлекеттік органдарға ескерткім келеді – барлық талап заңнамамен бекітілген. Сіздердің мемлекеттік органдарыңызға тиесілі ақпараттық жүйелерден дербес деректердің таралып кетуіне жеке-жеке жауап бересіздер, - деді ол.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов «Digital Qazaqstan» стратегиясын әзірлеуді жеделдетуді тапсырғанын жазған едік.