Мемлекеттік органдарды жеңілген істердің саны бойынша бағалау керек — судьялар съезі

АСТАНA. KAZINFORM — Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев мемлекеттік органдарды оларға қарсы жолданған талап-арыздар саны бойынша бағалауды ұсынды.

суд, судья, сот
Фото: freepik.com

«Қоғам әкімшілік соттарға сеніммен қарап отыр. Қазіргі кезде соттар шешімдер мен әрекеттерге немесе әрекетсіздікке шағымдану бойынша талап-арыздардың 60 пайызға дейінгі бөлігін қанағаттандырып отыр. Тек бір қарағанда бұл оптимистік көрсеткіш болып сезілер. Дегенмен, оның негізінде ондаған жылдар бойы «ескі ережелер» бойынша жұмыс істеген мемлекеттік аппарат пен Үкімет басшылығы еңсеруі тиіс жүйелі сын-қатер қамтылған», - деді А. Мерғалиев Қазақстан судьяларының съезінде.

Осы орайда Жоғарғы сот төрағасы мемлекет мүддесі қандай да бір мемлекеттік органның пайдасына қалай болса да шешім қабылдау емес екенін атап өтті. Бұл тұрғыда заң бойынша әділ шешім жасау маңызды болады.

Асламбек Мерғалиев азаматтар мен бизнестің мәселелерін шешуде мемлекеттік органдар мен шенеуніктер жұмысының сапасын арттыру басымдығына тоқтала келе, бұл ретте қызмет көрсетуге және адамдарға бағытталған мемлекеттік қызметті құру маңызды екенін айтты. 

«Сондықтан да мемлекеттік органдардың жұмысын бағалауда жаңа индикаторды енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл тұрғыда әрбір нақты мемлекеттік органға қатысты қанша талап-арыз жолданғаны, сондай-ақ олар қанша істе жеңілгені ескерілгені жөн», - деді Жоғарғы сот төрағасы. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан судьяларының съезіне қатысты. 

Мемлекет басшысы бүгінде сот істерінің жартысынан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіліп жатқанын айтты. 

Соңғы жаңалықтар