Мемлекеттік сатып алуда алаяқтық схемаларға қалай тосқауыл қойылады
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы вице-министрі Даурен Кеңбеил мемлекеттік салу саласында заңсыз әрекеттерге жол бермеудің тетіктеріне қатысты түсінік берді.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында тілшілер мемлекеттік сатып алу саласындағы алаяқтық әрекеттер жөнінде, сондай-ақ Шымкенттегі университетте мүлікті сатып алу кезіндегі бағаны жоғары көрсету жағдайы бойынша сұрақ қойды.
- Мемлекеттік сатып алулар саласында түрлі схемалар мен афералар болды және әлі де бар. Өйткені мемлекеттік келісімшарттарды қандай жолмен болса да ұтып алғысы келетін қызметіне адал емес қатысушылар кездеседі, — деді вице-министр.
Спикердің сөзінше, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін конкурсқа қатысушыларға қойылатын талаптар күшейтілген. Осы орайда қаржылық тұрақтылық, салық төлеу көрсеткіштері, жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ басқа да негізгі бағыттар тексеріледі.
Сонымен қатар Даурен Кеңбеил Шымкент қаласындағы университеттердің бірінде орын алған фактіге тоқтала келе, бұл жағдай мемлекеттік сатып алулар жүйесіне тікелей қатысы жоқ екенін айтты.
- Бізде сатып алулардың бірнеше түрі бар, яғни мемлекеттік сатып алулар, квазимемлекеттік сатып алулар және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары сияқты бағыттар қамтылады. Бізде мемлекеттік аудит органдары бар, олар тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы конкурстық құжаттарды тексереді. Мәселен, мемлекеттік сатып алуларға аураханалар мен мектептер қатысып, нақты бір орындықтың түрін сатып алуға тапсырыс беруі мүмкін. Осы жағдайда оның құны негізсіз тым жоғары болса, бұл жағдай тәуекелдерді басқару жүйесінде анықталады. Бұдан кейін мемлекеттік аудиттің мамандары тапсырыс берушіге ескерту жасап, бағаны қайта қарау жөнінде нұсқау береді, - деп түсіндірді вице-министр.
Оның айтуынша, жақын арада мемлекеттік сатып алулар саласындағы барлық процесс толық автоматтандырылмақ.
«Тиісті тетіктер іске қосылғаннан кейін, күмәнді жоғары бағалар автоматты түрде анықталып, мұндай сатып алуларға жол берілмейді», — деді Даурен Кеңбеил.
Еске салсақ, жақында ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады.
Ведомство мәліметінше, күдіктілер қатарында бұрынғы бірінші проректор, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, өндірістік-техникалық бөлімнің қойма меңгерушісі, сондай-ақ мердігер ұйымдардың басшылары бар. Күдіктілер тауарлар іс жүзінде жеткізілмеген немесе жасанды түрде қымбат бағамен сатып алынған, жалған мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасқан. Мысалы, осы схема аясында университет басшылығы нарықтық құны 200 мың теңгеден аспайтын бір креслоны 20 млн теңгеге сатып алған.
Автор: Аружан Жәнәділ