Мемлекеттік сатып алудағы жасанды бөлшектеуге автоматты тосқауыл қойылды

АСТАНА.KAZINFORM — Сатып алуды жасанды түрде бөлшектеуге және бәсекелестік рәсімдерден айналып өтуге қарсы күресті күшейту мақсатында мемлекеттік сатып алу порталы жаңғыртылды. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата мәлім етті.

Мемлекеттік сатып алудағы жасанды бөлшектеуге автоматты тосқауыл қойылды
Фото: freepik.com

Жоғары аудиторлық палата 2025 жылғы шілдеде жоғары жетістіктер спортын да қамтыған спортшыларды тәрбиелеу мен даярлауға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізді. Аудит қорытындысы бойынша Қаржы министрлігіне мемлекеттік сатып алу порталының функционалын оңтайландыру тапсырылды. Жүйе электрондық дүкен арқылы біртекті тауарларды заңда белгіленген шектен асатын сомаға сатып алуды орналастыруды автоматты түрде бұғаттайтын болады.

— Бұл жерде сатып алуды бөлшектеуге қарсы іс-қимыл туралы мәселе қозғалып отыр. Мұндай жағдайда бірыңғай қажеттілік бірнеше шағын сатып алуға әдейі бөлінеді, олардың әрқайсына шекті мән белгіленіп, бәсекелестік рәсім өткізуді талап етпейтін болады. Аталған іс-қимыл нәтижесінде баға нарықтық тетіктер арқылы қалыптаспайды, көлем есебінен үнемдеу мүмкіндігі жоғалады, өнім берушілер тобы азайып, операциялардың өзі тізілім бойынша бөлшектенеді де, ашықтығы төмендей түседі, — делінген хабарламада.

Спорт саласында аталған әдіс өте өзекті, өйткені әртүрлі өнім берушілерден әртүрлі партиялармен сатып алынған спорт құрал-жабдықтары мен экипировканың сапасы, сипаттамалары өзгеше болуы мүмкін. Ал кепілдік міндеттемелер өзара байланысы жоқ бірнеше шартқа бөлінеді.

Алайда автоматты түрде бұғаттау тетігін іске қосу үшін тауарлардың біртектілігін анықтайтын бірыңғай тетік қажет болды. Формалды белгі болмаған жағдайда жүйе бір тауарды қайта сатып алуды объективті түрде ерекшеленетін әртүрлі позицияларды сатып алудан ажырата алмайтын еді. Бұл міндет 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жалпы жіктеуішін (ТЖКҚЖЖ) енгізу арқылы шешілді. Сауда және интеграция министрлігі оны техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жіктеуіші ретінде қолданысқа енгізді.

ТЖКҚЖЖ тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сипаттамаларын біріздендіреді, сатып алу деректерінің салыстырмалы болуын қамтамасыз етеді, қайталану, сатып алуды қате жіктеу және техникалық ерекшеліктерде артық талаптардың болу тәуекелдерін төмендетеді. Бұл мемлекеттік сатып алуға да, квазимемлекеттік сатып алуға да қатысты. Осылайша, жіктеуіш тауардың біртектілігін анықтау үшін объективті негіз береді.

Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік сатып алу веб-порталына ТЖКҚЖЖ бойынша қосымша жол енгізілді. Қаржы министрінің бұйрығымен жіктеуіш мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде қолданылатын анықтамалықтардың бірі ретінде белгіленді, ал 2026 жылғы 17 тамыздан бастап бұл жолды толтыру міндетті болды.

Қазіргі уақытта электрондық дүкен арқылы біртекті тауарларды белгіленген рұқсат етілген шектен асатын көлемде сатып алуды орналастыруды автоматты түрде бұғаттау ТЖКҚЖЖ арқылы қамтамасыз етіледі.

Осылайша, Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы толық көлемде орындалды, ал мемлекеттік сатып алу жүйесінде сатып алуды жасанды түрде бөлшектеуге қарсы кіріктірілген тосқауыл пайда болды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Жоғары аудиторлық палатасының мемлекеттік аудиті жоғары жетістіктер спорты, спорт резервін даярлау және бюджет қаражатын пайдалану саласында бірқатар жүйелі кемшілікті анықтаған болатын.