Мемлекеттік шығыстарды цифрландыру 1,5 трлн теңге үнемдеуге мүмкіндік берді – Тәкиев
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда мемлекеттік шығыстарды цифрландыру арқылы 2027–2029 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде 1,5 трлн теңге көлеміндегі шығынның алдын алды. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік шығыстар бюджет қаражатын жоспарлау мен мемлекеттік сатып алудан бастап, қазынашылық атқарылу және онлайн-мониторингіге дейінгі барлық кезеңді қамтитын бірыңғай цифрлық контурға біріктірілді.
– Бұл әрбір теңгенің қозғалысын қадағалауға және оның пайдаланылу тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Бюджетті жоспарлау кезінде тек фискалдық деректерді пайдалану есебінен жылына 200 млрд теңгеге дейін үнемдеуге қол жеткізілді, – деді Мәди Тәкиев.
Оның айтуынша, цифрландырудың маңызды нәтижелерінің бірі – кейінгі бақылаудан шығыстарды алдын ала басқаруға көшу.
– Бүгінде 2027–2029 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде 1,5 трлн теңге сомасындағы шығыстың алды алынды. Яғни цифрландыру жай ғана тиімсіз шығыстарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді министр.
Мәди Тәкиевтің айтуынша, келесі кезеңде мемлекеттік органдардың цифрлық шешімдерін шығыстарды басқарудың бірыңғай жүйесіне біріктіру жоспарланып отыр.
Қазірдің өзінде цифрлық жобалар білім беру, денсаулық сақтау, жер қойнауын пайдалану, энергетика, тауарларды таңбалау және басқа да салаларды қамтиды.
Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шараларын бақылауға ерекше мән беріліп отыр. Ортақ цифрлық жүйе аясында жыл сайын жалпы сомасы 1 трлн теңгеден асатын 150 мемлекеттік қолдау шарасы бақылаудан өтеді.
– Негізгі мақсат – мемлекеттік қолдаудың нақты бағытталуы мен тиімділігін қамтамасыз ету және мемлекеттің әрбір теңгеден қандай нақты нәтиже алатынын бағалау, – деп атап өтті Қаржы министрі.
Айта кетейік, теңгенің нығаюы бюджет кірісін азайтқан еді.