Мемлекеттік тапсырмалардан бәсекелестік нарықтағы қызметтер алынып тасталуы керек
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік тапсырмалардың құнын есептеудің бірыңғай талаптарын белгілеу қажет. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты.
— Нәтижеге қол жеткізуге байланысты емес шығыстарды кіргізбей, мемлекеттік тапсырмалардың құнын есептеудің бірыңғай талаптарын белгілеу қажет. Мемлекеттік тапсырмалар құрамынан бәсекелестік нарықтағы бар қызметтер немесе қосалқы мердігерлікке берілетін тапсырыстар алынып тасталуы керек, — деді ол.
Аудиторлық палата төрағасы бюджет жүйесінен тыс жүретін қаржы ағындарының ашықтығы маңызды мәселе болып отырғанына назар аудартты.
— Жылдық есепте бюджеттен тыс қорларға қатысты мәліметтер толыққанды қамтылуы тиіс. Бұл олардың тұрақтылығы туралы қорытынды жасауға, кірістердің толықтығын, шығыстардың айқындығын бағалауға мүмкіндік беруі қажет. Жылдық есепте квазимемлекеттік сектордың қол жеткізген нәтижелері, олардың қарыз алу мақсаттары, мемлекеттік қолдаудың көлемі мен әсерлері туралы мәліметтерді көрсету маңызды. Оларды бағалаудың басты критерийі азаматтардың әл-ауқатын арттыру және экономикалық өсу болуы тиіс, — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, Жоғары аудиторлық палата 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуына қатысты барлық жүйелі проблема бойынша 26 негізгі ұсыныс әзірлеген.
— Олар алдағы кезеңде заңнамада көрініс табады деп сенеміз. Ұсынылған шаралар мемлекеттік ресурстарды пайдалану және тұтастай алғанда мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деді ол.
Айта кетейік, жалпы отырыста Мәжіліс пен Сенат депутаттары Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарап жатыр.