Мемлекеттік университеттерде оқу ақысы өсе ме – министр жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік университеттерде оқу ақысы өспейді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін тілшілер «биыл оқу ақысы өсе ме?» деп сұрады.
Өз кезегінде министр мемлекеттік университеттерде оқу құны былтыр және осы жылы бір деңгейде екенін айтты.
- Мемлекеттік жоғары оқу орындарында (биыл) бір деңгейде ұстап тұрмыз, - деді С. Нұрбек.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа оқу жылына 78 мыңға жуық грант бакалавриатқа бөлінеді. Ал магистратура мен докторантураны қоса есептегенде, 100 мың грантқа жақындайды.
- Жыл сайын елімізде грант санын көбейтіп жатырмыз. Бұл тұрғыда өсіп келе жатқан халық санына орай студенттерді қамтуға тырысып отырмыз. Сонымен қатар, қосымша төрт тетікті іске қосқанымызды білесіздер. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша балалардың есеп-шотына қаржы аударылып жатыр. «Келешек» жинақ қоры толыққанды іске қосылды, - деді ведомство басшысы.
Бұған дейін шетелдіктер неліктен Қазақстанның жоғары оқу орындарын таңдайтынын жазған едік.