Меморандум аясында «Қазақмыс» корпорациясы Шығыс Қазақстан облысының бірқатар әлеуметтік нысандарын жөндеуден өткізеді
ӨСКЕМЕН. Қыркүйектің 25-і. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Шығыс Қазақстан әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы бейсенбі күні мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.
Келісімге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің басқарма төрағасы Эдуар Огай қол қойды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен
Жаңартылған келісімдерге сәйкес, корпорация ұзындығы 54 шақырымдық Шемонаиха-Секисовка жолын жөндеу міндеттемесін мойнына алып отыр. Бұл жолдың жөндеу жұмыстарын қажет еткеніне біраз жылдың жүзі болған (айта кетсек, бұл жолды корпорацияның мыс-химиялық комбинатының ауыр техникалары көп пайдаланады).
Оған қоса, «Қазақмыс» Өскемендегі футбол стадионын жаңартуға, Глубокое ауданында екі балабақша салуға, Жезкент қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды жөндеуден өткізуге көмектесетін болды. Сондай-ақ осы меморандум аясында көмірдің жеңілдікті бағамен сатылуы қамтамасыз етіледі.