Меморгандар өз бастамасымен объективті ресми ақпаратты халыққа жеткізуге міндетті – Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік органдар өз бастамасымен объективті ресми ақпаратты халыққа жеткізуге міндетті. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында  айтылған.

Олжас Бектенов
Фото: primeminister.kz.

- Мемлекеттік органдардың сайттарында ақпараттың азаматтарға (оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға) қолжетімді әрі ыңғайлы болуы – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын сапалы іске асырудың негізі. Бұл мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында және туындаған мәселелер Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның жұмысында қаралады. Комиссия құрамына Сенат пен Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ, БАҚ және мүгедектігі бар адамдардың өкілдері енген, - деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтінше, 2025 жылдың қаңтар айында «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңға түзетулер енгізіліп, Мәдениет және ақпарат министрлігіне ақпаратқа қол жеткізу саласында мемлекеттік бақылау құзыреті берілді. Ақпарат ашықтығының презумпциясы бекітілді. Бұл - мемлекеттік органдардың барлық ақпаратының ашықтығының қағидаты.

- Заңда мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін есепке алу қағидаты және олар үшін ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері жеке бап ретінде қарастырылды. Сонымен қатар ақпаратты проактивті тарату ұғымы және оны іске асыру тетігі енгізілді. Яғни, мемлекеттік органдар өз бастамасы бойынша (сұрау салмай) объективті ресми ақпаратты халыққа жеткізуге міндетті болды. Тұтастай алғанда, түзетулердің негізінде мемлекеттік органдарды мониторингілеу мен бақылау едәуір күшейтілді, - деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, мемлекеттік органдарға үш жылға әкімшілік ғимараттар салуға тыйым салынады.

Соңғы жаңалықтар