Мемсанэпидқадағалау қызметкерлері туристік компаниялардың өкілдерімен кездесті

АҚТАУ. 28 сәуір. ҚазАқпарат -  Маңғыстау облыстық Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінде туристік компаниялар өкілдерімен кездесу өтті.

Мемсанэпидқадағалау қызметкерлері туристік компаниялардың өкілдерімен кездесті

Департамент мамандары көршілес елдерде аса қауіпті саналатын аурулар жайында дәріс оқып, сұрақтарға жауап берді.

«Облыстың тоғыз жолдың торабында орналасуы, көші-қонның белсенді жүруіне байланысты жан-жақтан әртүрлі жұқпаның келу қаупі күнде туындап отырады. Соған орай аса қауіпті аурулардың алдын алуға дайындығымызды бүгін тағы бір пысықтап алдық. Туристік компания өкілдерін соңғы шыққан санитарлық-эпидемиологиялық талаптармен таныстырдық. Бұған дейін қоғамдық тамақтану орындары мен балабақша асханаларына жауапты мамандармен кездесу өткізілді», - дейді Маңғыстау облыстық Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бастығы Марал Қадыр.

Жаз шыға халықтың арасында шет елдерде демалуға сұраныс артады. Бұл мезгіл туристік фирмалар қызметінің қыза түсетін уақыты.

«Мәселен, тропикалық елдерде безгек аурулары аса қауіпті. Ол маса арқылы да тарайды. Шриланка, Индия, Тайландта да жұқпалы аурулар ушығып тұр. Сол себепті туристік фирма өкілдерімен дайындық жұмыстарын пысықтап алдық», - дейді М.Қадыр.