Мен де ішінара кінәлімін — NASA экипажының командирі Бутч Уилмор
АСТАНА. KAZINFORM — NASA астронавтары Бутч Уилмор мен Суни Уильямс орбитада ұзақ болып Жерге оралған кездегі сезімдерін сипаттады, деп хабарлайды ВВС.

Жұптың Халықаралық ғарыш станциясына сегіз күндік миссиясы Boeing Starliner-дің техникалық ақауынан кейін тоғыз айлық ғарыштық одиссеяға айналды. Олар 19 наурызда Флорида жағалауында суға қонған SpaceX Dragon бортында Жерге оралды.
— 3 мың градустық отты шардың ішінде атмосфера арқылы ұшып, ғарыштан Жерге оралу — біртүрлі сезім, бірақ өте керемет, — деді Бутч Уилмор.
NASA-ның дүйсенбі күні кешке өткен баспасөз мәслихатында Уилмордан Starliner-дегі мәселелерге кім жауапты деп сұрады.
— Менен бастауға болады. Әрине, Starliner-де проблемалар болды. Онда Жерге оралуымызға кедергі болатын белгілі бір ақаулар шықты. Ал мен өзімнен бастайын, өйткені мен кеме командирі ретінде қоюым тиіс сұрақтар болды. Бірақ мен олардан сұрамадым — мен тіпті олардан сұрау керек екенін білмедім. Маған «кінә» деген сөз ұнамайды, бірақ бағдарламаның барлық деңгейінде жауапкершілік бары сөзсіз. Егер қаласаңыз, мені де ішінара кінәлі деп есептей аласыз, — деп жауап берді ол.
Ол үйге қайту проблемалары үшін жауапкершілік «барлық тізбекте», соның ішінде NASA мен Boeing-те де бар екенін қосып өтті.
Ғарышта ұзақ уақыт болған кезде АҚШ Әскери-теңіз күштерінің екі ардагері ашық ғарышқа шықты, ғылыми эксперименттер жүргізді, тіпті ХҒС бортында сантехникамен байланысты мәселелерді шешуге көмектесті.
— Біз өз миссиямызға деген қызығушылықтың қаншалықты зор екенін тіпті байқамай қалдық. Үйге оралғанда, «оу, бізді көп адам күтіп тұрды» — бұл әрі құрмет, әрі аздап ұят болды. Біз жай ғана өз ісімізбен айналыстық. Әлем бізді айналып отырған жоқ, бірақ біз оның айналасында айналамыз, — деп қосты Суни Уильямс.
Астронавтар сондай-ақ орбитада ұзақ болғаннан кейін Жерді алғаш басқан кездегі сезімдерімен бөлісіп, алғашқы күндері не істегенін айтып берді.
— Үйге қайтып оралу — бұл керемет. Мен тіпті жүгіруге де шықтым. Баяу болса да, бетке жел соққанын сезіну және айналаңда адамдарды көру сондай жақсы. Бұл — үй. Мен жай ғана төсекке жаттым. Тоғыз айда бірінші рет төсекте жату — айтып жеткізе алмайтын сезім. Келесі күнге дейін тұрмай жаттым. Сосын орнымнан тұрып, қозғалып, гравитацияға қайтадан үйренуге тырыстым. Өзіме ірімшіктен жасалған тамаша сэндвич жасадым, — деп баяндады Суни.
Еске сала кетсек, Суни мен Бутч оқиғасы 2024 жылдың маусымында басталды. Ғарышкерлер Boeing компаниясының Starliner ғарыш кемесінің алғашқы сынағына қатысты.
Ғарыш станциясына ұшу кезінде капсула бірқатар техникалық ақауға тап болды, сондықтан ғарышкерлерді үйге қайтару тым қауіпті деп саналды.
NASA астронавтары тоғыз ай ғарышта болғаннан кейін Жерге оралғанын жазған болатынбыз.