Мен Қазақстанға ядролық қарудан азат бейбітшілік сүйгіш әлем құру жолындағы бастамасы үшін ризамын - БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун

АСТАНА. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат - БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиналысқа қатысушыларға құттықтау жолдады. ҚазАқпарат аталған құттықтаудың толық мәтінін таратады.

Мен Қазақстанға ядролық қарудан азат бейбітшілік сүйгіш әлем құру жолындағы бастамасы үшін ризамын - БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун

Жоғары мәртебелі, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы,

құрметті мырзалар мен ханымдар.

Қазақстан халқы мен Үкіметін Сіздердің елдеріңіздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты құттықтауға қуаныштымын.

«Қазақ» деген сөз көне түрік тілінде «тәуелсіз» немесе «рухы еркін» деген мағынаны білдіреді. Бұл ұғым қазақ халқының нағыз болмысын дәл анықтаған. Себебі, тәуелсіздік алған кезеңнен бастап Қазақстан халқы Қазақстанды аймақтық сахнаның барлық салаларында шешуші ойыншыға айналдыру үшін үлкен белсенділік таныта білді.

Ядролық қарусыздану мәселесін дамыту жөнінде көп мемлекет Қазақстан сияқты табандылық таныта алмады. Өткен жылы мен аралау мүмкіндігіне ие болған Семей ядролық полигоны бұл ғасыр тажалының адамзатқа тигізетін зардабын елестететін көңілсіз көріністерге толы. Осыған байланысты Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру жөніндегі жасалған Келісім бүкіл дүние жүзіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосылған маңызды үлес болып саналады. Сонымен бірге Қазақстан 29 тамызды - Ядролық сынаққа қарсы іс-шаралардың халықаралық күні ретінде атап өту жөнінде бастама көтерді. Бұл бастаманы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекітті. Мен Қазақстанға ядролық қарудан азат бейбітшілік сүйгіш әлем құру жолындағы бастамасы үшін ризамын.

Бұған қосымша Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы сияқты аймақтық және халықаралық ұйымдарға ойдағыдай төрағалық ете отырып, Қазақстан бүгінгі заманның этносаралық үйлестік және дінаралық диалог сияқты өте маңызды мәселелермен белсенді айналысып келеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері - Қазақстанның бүгінгі заман үшін өте қажетті бастамасы. Бұл бастама толеранттылықты дамытуға, мәдениеттер, дәстүрлер және діни наным-сенімдер арасындағы өзара түсіністік пен төзімділікті қалыптастырады. Мен Қазақстанды осы саладағы күш-жігерді одан әрі дамытуға шақырамын, өз кезегінде БҰҰ ұлтына, этносына, мәдениетіне, дініне немесе діни сеніміне қарамастан, барлық халықтардың қауіпсіздігін, құндылықтарын және болашаққа деген сенімін қамтамасыз ету үшін қызметін жалғастыра беретініне сенім білдіремін.

Қазақстан Республикасы Мыңжылдықты дамыту мақсатын жүзеге асыруда айтарлықтай жетістіктерге жетті. Қазақстан Республикасының Үкіметін және оның әріптестерін Қазақстанның күн тәртібіне белгілеген мақсатына «ЦРТ+» жету жолында күш-жігерлерін аямауға шақырамын.

Орталық Азияның басқа мемлекеттері сияқты Қазақстан да есірткі тасымалы және лаңкестік актілері сияқты трансшекаралық қылмыс проблемаларына кездесіп отыр. БҰҰ алдағы уақытта да осындай қауіптерге қарсы күресте қолдау танытатын болады. Оның ішінде БҰҰ-ның қаржылық қолдауымен есірткіге және қылмысқа қарсы құрылған Алматы қаласында тұрақты жұмыс істейтін Азиялық аймақтық-ақпараттық үйлестіру орталығының жұмысын да жұмылдыратын болады.

Біз сондай-ақ аймақтың мемлекеттерінде заңдылық және адам құқының басымдыққа ие болып, осы үдерістің тұрақты және үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етуге терең күш-жігер жұмсайтын боламыз.

Су және энергетикалық ресурстарды басқару, қоршаған орта ахуалының нашарлауы Орталық Азияда бұрынғысынша маңызды мәселе болып қалуда. Міне, осы саладағы аймақтық байланыстар өте маңызды. Біріккен Ұлттар Ұйымының жүйесі БҰҰ-ның Аймақтық орталықтарымен біріге отырып, Орталық Азияда осы маңызды міндеттерді өзара тиімді негізде шешу үшін бірлескен бастамаларын одан әрі жалғастыратын болады.

Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен тағы да құттықтаймын. Гүлденген, демократиялық және табысты Қазақстан құрметі үшін менің шын жүректен шыққан құттықтауымды қабылдауларыңызды өтінемін. Біздің тығыз байланыстағы ынтымақтастығымыздың алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенемін.