Мен қазіргі дағдарысты «жаһандық қайта қосылу дағдарысы» деп атадым - Үкімет басшысы
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі кезде аталған дағдарысты еңсеру бағытында Мемлекет басшылары деңгейінде, Үкіметтер деңгейінде өзара талқылаулар жүріп жатқанына тоқталған К. Мәсімов, осы дағдарыс барысында 30-шы жылдардағы АҚШ-тағы дағдарысқа байланысты ұқсас мәселелер қаралғанын айтып өтті. «Енді сол дағдарыс пен қазіргі дағдарыстың бір айырмашылығына тоқталсақ, ол кезде жаһандық нарық болған жоқ. Сол уақытта қасқағым сәтте нарықтар бір-біріне бүгіндегідей әсер етпеген болатын. Мысалы, өткен жылдың қазанында Лиман Бразерс құлағаннан кейін бірер сағаттан соң дүниежүзін дағдарыс толқындары шарпып өтіп, осы құбылыс барша нарыққа әсер етті», деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы өткен аптада Дубай холдинг құлағаннан кейін ол барлық нарыққа ықпал етіп, нарықтардың барлығы 3-5 пайызға төмендегенін, сондай-ақ көптеген елдерде бұл үдерістің салдары сезілгенін жеткізді. «Кейіннен бұл дағдарыс кезеңін қалай атау керектігі ойластырыла бастады. Мен өзімше мұны «жаһандық қайта қосылу дағдарысы» деп атадым. Біріншіден, бұл жаһандық болғандықтан, екіншіден, барша әлем қайтадан қайта қосылуға түсті», деді К. Мәсімов. Үкімет басшысы осыған байланысты дүние жүзінің барша бөлігінде мүлдем басқа көзқарас қалыптасқанын атап өтті.