Мен əрбір ауқатты адамның қалай байығанын бес саусағымдай білемін - Н.Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның телеарналарына сұхбат берген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде жүріп жатқан жекешелендіру мен заңдастыру науқанына қатысты пікірін айтты.

Мен əрбір ауқатты адамның қалай байығанын бес саусағымдай білемін - Н.Назарбаев

"Қазақстан бір жылда 10 млрд доллардан артық ақшаны сыртқа шығарады. Əрине, əртүрлі жағдай бар. Экспорттаушылар бар дегендей. Бірақ сол сыртқа шығып жатқан ақшаны қайтармаса, мемлекет қиын жағдайға душар болады деген сөз емес. Құдай бұйыртса, ол ақшасыз да қиын жағдайдан шығамыз. Бірақ ширек ғасыр уақытқа жуықтаған тəуелсіздік жылдарында əртүрлі жағдайлармен түсірген ақшалары бар, тыққандары бар, ағайындарының атына жазған ақшалары бар. Енді жатса да, тұрса да ақшасын уайымдап жүр. Сондықтан бір жолға кешіреміз деп, заңдастыруға, жария етуге мүмкіндік беріп отырмыз. Жекешелендіру жабылған соң, əр адам тапқан ақшасы мен мүлкіне жауап береді. Яғни, кіріс пен шығыс ашық болады. 2017 жылдан бастап мемлекет кіріс пен шығысты талап ете бастаймыз. Сондықтан бұның алдында жекешелендіру мен заңдастыру науқанын жария еттік", - дей келе Президент жария ету мен жекешелендіру науқанының неге қатар жүргізіліп отырғанына тоқталды. Елбасының айтуынша, ақшаны заңдастыру мен мүлікті жекешелендіру науқанын қатар жүргізіп отырғандағы тағы бір жайт - шет елдегі қаржысын заңдастырып, Қазақстанда кəсіпорынның біреуін игеріп, оны дамытуға болады. "Ақшаны елге əкелсем, не болады?" деп қорқатындар бар. Менің айтарым, қорқатындай ештеңе болмайды. Менің ойым - қазақстандықтардың жайлы өмірі. Біз отаншыл, ағайыншыл халықпыз. Қазақтың ішінен нағыз байлар шыққанын қалаймыз. Қазіргі жекешелендіруге ең бірінші болып алдымен өзіміздің, қазақтың ауқатты адамдары қатысса екен деп ойлаймын. Сондықтан кəсіпкерлер, мемлекет баюға мүмкіндік берген адамдар осы мүмкіндікті пайдаланса екен деймін. Мен əрбір адамның қалай байығанын бес саусағымдай жақсы білемін. Қазақстандағы ауқатты адамдардың да қалай байығанын білемін. Əрине, бір жағынан еті тірі адамдар болса, екінші жағынан олардың қаржылай жағдайын жақсартуға мүмкіндік жасаған мемлекет", - деді Мемлекет басшысы.