Мен сені адам танымастай етемін: Шымкентте бұрынғы әйеліне қышқыл төккен күдікті ұсталды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте бұрынғы әйелін аңдып, үстіне қауіпті химиялық сұйықтық төккен ер адам ұсталды. Ауыр күйік алған әйел ауруханаға жатқызылды.
«НеМолчиKZ» құқық қорғау қорының хабарлауынша, ерлі-зайыпты шамамен бес жыл бұрын, бала дүниеге келгеннен кейін ажырасқан. Ер адам бұрынғы әйелінің атына несие рәсімдеп, алимент төлеуден жалтарған. Әйелді аңду үшін ол жаңа телефон нөмірін сатып алып, өзін клиент ретінде таныстырып, оның сұлулық салонына жазылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті кездесуге арнайы киім киіп, канистрмен келген. Ол әйелдің үстіне қышқыл төгіп, «Мен сені адам танымастай етемін» деген. Әйелдің айтуынша, сұйықтық оның киімін бірден күйдіріп жіберген. Қазір әйел ауруханада ем қабылдап жатыр. Оған бірнеше күрделі ота жасап, тері ауыстырып салу қажет.
Шымкент қаласы полиция департаменті резонанс тудырған оқиғаға қатысты пікір білдіріп, күдіктінің ұсталғанын растады.
— 2 тамызда дене жарақаттарымен Шымкент қаласының тұрғыны ауруханаға жеткізілді. Анықталғандай, бұрынғы күйеуі кездесуге алдап шақырып, әйелдің үстіне сұйықтық төгіп, оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, — деп хабарлады ведомство.
Полиция қылмыстық іс бойынша күдіктінің жедел түрде анықталып, басқа өңірде ұсталғанын нақтылады.
— Полиция қызметкерлері күдіктіні сол күні-ақ анықтап, Алматы қаласында ұстады. Қазіргі уақытта ол күзетпен қамауда отыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында, — делінген полиция хабарламасында.
Бұған дейін Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық істері бір тәулікте сотқа жіберіліп жатқаны туралы хабарлаған едік.