Мен жәбірленушімін – Қайрат Нұртас мәлімдеме жасады

Қайрат Нұртас
Фото: https://www.instagram.com/kair_n

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының әкімшілік істер бойынша мамандандырылған сотында танымал әнші Қайрат Нұртастың ісі онлайн қаралуда.

Сот мәліметінше, екі хаттама толтырылған. Біріншісі – Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 73-бабы 1-тармағы – «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру», екіншісі – Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі - «Әуе кемесі бортында жасалған бұзақылық».

Қ. Нұртастың заңды өкілі әрі анасы Гүлзира Айдарбекованың айтуынша, жәбірленуші Асылбек Бекқайыров және айыпталушы Қайрат Нұртас – бұрыннан дос. Жанжалдың басты себебі – әншінің шақырған тойға бармауы.

«Мені досым тойға шақырды, оған бара алмаймын дедім. Бармасаң тізерлеп келесің деді, мен де келмеймін деп балағатпен жауап бердім. Содан кейін ол мені ұшақтың ішінде ұстап алып, сен мені балағаттадың деп, басымнан екі рет ұрды. Менің де намысым бар, мен де оны ұрдым. Одан кейін тыныш отырсам, артымнан кеп тағы ұрды. Одан басқа ештеңе білмеймін. Мен қоғамдық тәртіпті бұзбадым. Мен жәбірленушімін», - деді Қайрат Нұртас.

Борт ұшағында қоғамдық тәртіп бұзылғанын, жәбірленуші денсаулығына жеңіл залал келтіргенін растады.

Өз кезегінде Асылбек Бекқайыров бірінші соққыны Қайрат Нұртастың өзі жасағанын айтуда.

«24 сәуірде Қайратты Орал қаласына досымның тойына шақырдым. Ол кісі жауап бермеді, 7-8 рет қоңырау шалдым. Тағы бір хабарлама жібердім, оған жауап ретінде балағат сөздері бар хабарлама келді. Не себепті мені балағаттады, әншінің көмекшілерін сұрап біле алмадым, Қайраттың өзімен кездесе алмадым. Ұшақта кездесіп қалғанда қасына барып мән-жайды сұрадым, ол тағы балағатпен жауап қайтарды. Бортсерік мені алып кетіп жатқанда Қайрат мені ұрып үлгерді. Екеуміз жанжалдастық, сосын үшақтың екі жағына отырғызып қойды. Түскенде бірден қолымызға кісен салды, бізді полиция бөліміне жеткізді», - дейді жәбірленуші.

Жәбірленуші А. Бекқайыров бітімгерлік бойынша өтінім берді және әншіге қарсы талап-арызы жоқ екенін айтты. Осыған орай, Қ. Нұртас қорғаушысы әкімшілік істегі бірінші бапты қысқартуды сұрады.

Ал айыптаушы прокурор әншіні 15 тәулікке қамауға алу жазасын сұрады. Ал әнші алда бірнеше концерт пен той жоспарланғанын айтып, айыппұл салуды сұрап отыр.

Сот шешім шығару үшін басқа бөлмеге кетті.

Еске сала кетсек, «Алматы-Астана» бағытындағы әуе рейсінде ұсақ бұзақылық және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалған еді.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram