Мен жүгіргенді жақсы көрмеймін - 80 жастағы марафоншы Салтанат Түйтебаев

АСТАНА. KAZINFORM – Салтанат Түйтебаев Нью-Йорк марафонында жүлдегер атанды. Ол биылғы додада 42,2 шақырымды 4 сағат 45 минут 56 секундта жүгіріп өтіп, 80-89 жас санатында бірінші орынға ие болды.

Салтанат Түйтебаев
Фото: Видеодан алынған скрин

– Бұл жолғы марафон ерекше әсер қалдырды. 59 мыңнан аса адам қатар жүгірді. Соның ішінде әйелдердің саны да аз емес – 27 мың. Қыздар қауымына айтарым – жүгірумен айналысыңыздар, спорттан қалыс қалмаңыздар. Мен мұны бекер айтып отырғаным жоқ. Еуропа мен Америка қыздарынан қалып қоймаңыздар, – деп әзілмен бастады әңгімесін марафоншы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында.

Заманауи технологияларға бейім марафоншы замандастарын да жаңашылдыққа ұмтылуға шақырды.

– Қазір тіл білу де, аудару да қиын емес. Осыдан бес жыл бұрын қыздарым маған аудармашы құрал сыйлаған. Қазір телефонның өзімен-ақ кез келген тілді түсінуге болады. Біз бала күнімізде гаджет, телевизор дегенді білмедік. Түн ортасына дейін «қума таяқ», «ақсүйек», «ләңгі» ойнап өстік. Бұл да спорттың бір түрі. Сол әдет өмір бойы серік болып келеді, – дейді марафоншы.

Салтанат ақсақалдың айтуынша, спорт ұзақ өмір мен сергектіктің кілті.

– Таза ауада жаттығудың пайдасы зор. Аптасына бес рет 21 шақырымнан жүгіріп тұрамын. Боран, жаңбыр, қар – мен үшін кедергі емес. Егер ауа райы тым қолайсыз болса, жаттығуды демалыс күндеріне ауыстырамын. Шыны керек, жүгіргенді қатты жақсы көремін деп айта алмаймын. Кейде өзімді қамшылап шығамын. Бірақ мәреге жеткен соң, күні бойы сергек жүремін, – дейді Салтанат Түйтебаев.

Оның айтуынша, спорт оған тек күш-қуат емес, өмірлік тәжірибе де сыйлаған.

– Осы спорттың арқасында 24 мемлекетте болдым. Әйтпесе мен миллионер де, кәсіпкер де емеспін. Спорт – менің өмірлік серігім, – деп қорытындылады ардагер марафоншы.

Еске салсақ, «Астана–Көкшетау–Астана» бағытымен 600 шақырымдық жолды жүгіріп өткен ультрамарафоншы тарихи жетістікке қалай жеткенін баяндап берген еді.

Соңғы жаңалықтар