«Менің атым - Қожа» енді көрсетілмеуі мүмкін» - БАҚ-қа шолу

***
«Кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінде вице-министр Гүлмира Исаеваның қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті. Баспасөз мәслихаты 2012 жылдың қыркүйегінде Солтүстік Қазақстан облысына Австриядан әкелінген 722 бас ірі қара малдың ауру болып шығуына байланысты, оларды жою туралы шешім қабылдануына орай БАҚ-тарға түсініктеме беру үшін ұйымдастырылды»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санындағы «Малдан ауру шыққаны анық болды» атты мақалада. Еске сала кетейік, 2012 жылдың қыркүйегінде Солтүстік Қазақстан облысының «Леонов» шаруа қожалығына және «Полтавское» ЖШС-іне Австриядан 722 бас ірі қара малы әкелінген болатын. Әкелінген мал ветеринарлық талаптарға сай карантинге алынды. «Леонов» шаруа қожалығында карантин кезінде барлығы 10 бас мал іш тастаған, олардан алынған материалдар (3 іш тасталған ұрық) Сібір және Қиыр Шығыс экспериментті ветеринария институтына (Новосібір қаласы) зерттеуге жіберілді. Зерттеулер аталған малдардың бойында вирустық диареяның бар екендігін анықтаған.
Осы басылымда «Алатаяқтылар туралы анекдот неге көп?» деген мақала жарық көрді. Ел ішінде МАИ туралы анекдот, күлдіргі әңгімелер өте көп. Кез келген көлік жүргізушісі алатаяқтылармен арада болған жағдайды майын тамызып айтып береді. «Жүргізушілер үшін МАИ жол бойында тек ақша жинау үшін тұрады, бұлар жол ережесін бұзған сайын олар қуанады, құжаттарын тексеру үшін тоқтатса да бірден «бірдеңе дәметіп тұр» деп ойлайды. Әрине, шопырлар да мұндай әңгімелерді аспаннан алмайтыны белгілі. Алатаяқтылардың алақаны қышығаны бір бөлек, олар сол параны алу үшін ойлап таппайтындары жоқ. Өткенде ғана «Титус» сайтында шымкенттік бір МАИ қызметкерінің ана құжатты бір сұрап, мына құжатты бір сұрап, ақыры түк таппаған соң жүргізушіге «РНН, СИК-ің бар ма?» деп тиіскенін айдай әлемге көрсетті»,-деп жазылған бұл мақалада.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, жаһандану дәуірінде қазақ халқын үлкен сын күтіп тұр. Ол - халқымызды ұлт ретінде сақтап қалу және Қазақстанды әлемдегі отыз озық мемлекеттің қатарына қосу. Ұлттық рухсыз ұлтты сақтап қалу мүмкін емес. Ал ұлтымызды сақтағымыз келсе, ұлттық патриотизмді мықтап дамытуымыз қажет. Ұлттық патриотизм арғы тамыры терең тарихтан, бай мәдениеттен мейлінше нәр алғанда ғана қуатты түрде дамиды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынып, іске асырыла бастағалы биыл тура он жыл. Елбасының тікелей қолдауымен дүниеге келген мұндай жоба дүниежүзінің басқа елдерінде бұрын-соңды қолға алынбаған екен. Талай нәрсе түгелденді, ауыз толтырып айтар іргелі істер істелді, іргеміз бүтінделді. Бірақ бұған тоқмейілсуге әсте болмайды. «Мәдени мұра» бағдарламасы мейлінше жалғаса беруі тиіс! Өз қазағымызды, өз ата-бабаларымызды зерттеумен шектелмей, тағдыр-тамырымыз бір болған түркі халықтарын да қоса зерттеуіміз керек. Бұл мақала көпшілік назарына «Ер түріктің қара шаңырағы - Қазақстан» деген тақырыппен ұсынылып отыр.
«Айқын» газетінде «Менің атым - Қожа» енді көрсетілмеуі мүмкін» деген мақала берілген. Талай қазақ баласы көріп өскен, ұлтымыздың «алтын қорына» енген «Менің атым - Қожа» фильмін балалардың көруіне енді тыйым салынуы мүмкін. Бүгінде Парламентте жас қазақстандықтарды, олардың денсаулығына және дамуына зиян келтіретін ақпараттардан қорғауды қарастыратын, тыйым қоятын заң жобасы қаралуда. Әрине, депутаттар: «оған бара қоймас!» дегенді айтады. Бірақ заң қабылданған соң, шешімді олар емес, уәкілетті орган тартатын сарапшылар шығармақ. Ал заң жобасында «баланы қоғамға жат және құқыққа қарсы іс-әрекеттерге арандататын - баланың... психотроптық немесе есеңгірететін заттарды пайдалануына, ... қаңғыбастықпен және қайыршылықпен шұғылдануына түрткі болатын ақпараты» бар туындыларға тыйым салу көзделген. Ендеше, ұстазының сөмкесiне бақа салатын, сыныптасына сияны рогаткамен ататын, балыққа барып, көршiнiң ауын «ұрлайтын», iргелес ауылдағы бейтаныс үйде бүлдіршінді алдап соғып, етiн жеп, қымызын iшiп кететiн Қожаның қылықтарын сарапшылардың «қоғамға жат және құқыққа қарсы іс-әрекеттер» деп бағаламасына, фильмнің басты кейіпкерін ұзынтұра Сұлтанның темекі тартуға үйретуін - «психотроптық немесе есеңгірететін заттарды пайдалануға түрткі болу» деп таппасына, тіпті басты қос кейіпкердің үйден қашып, ел кезуін - «қаңғыбастықпен шұғылдану» деп айыптамасына кім кепіл? Сұрақ көп. Сондықтан болса керек, осы заңды пысықтайтын жұмыс тобына жетекшілік ететін ұлтжанды депутат Алдан Смайыл, осы топтың кешегі өткен отырысында, дау туғызар көптеген позициялар бойынша шешім қабылдауды кейінге қалдырды, ол Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне әлгі баптарды және соларға қатысты депутаттардың енгізген түзетулерін мамандармен жеке қарап, бірыңғай ұстаным-байлам түзуді ұсынды.
***
«Қару ұстаған қазақтар көбейіп кетті. Қарапайым халықтың қолындағы травматикалық және басқа да қарулардың көбейгеніне құқық қорғау саласының мамандары да алаңдайды. Еліміздің әр аймағында жиі орын алып жүрген жастар төбелесінің соңы бір-біріне оқ атып, қайғылы жағдаймен аяқталатыны жасырын емес. Қит етсе қару кезенетін жастарды қандай агрессиялық күш тәрбиелеуде?»,-деп жазады «Астана ақшамы» басылымы бүгінгі санында. Астана қаласында қару-жарақ сататын 11 арнаулы дүкен бар. Өткен жылы он бес мыңға жуық адам қару иеленген. Аңшылықпен айналысатындар және өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қару алғысы келетіндердің қатары ұлғаюда.