«Менің атым Қожа» түрік тіліне аударылды

АНКАРА. ҚазАқпарат - Түркияның бас қаласы Анкараның Кечиөрен ауданында Қазақстан мәдениет күндері шеңберінде атақты балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабының және осы туындының желісімен түсірілген фильмнің тұсаукесері болып өтті, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.
None
None

Қазақстан күндері аясында Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға марқұм жазушының қызы, жазушы, аудармашы Самал Бердібекқызы және немересі, сондай-ақ 1968 жылдары жазушы қызмет еткен «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәлі, Ақтөбе облысы әкімдігі мен Алматы облысы Жамбыл ауданының делегациясы арнайы келді.

Қазақ киноматографиясының 50 жылдан бері көрсетіліп келе жатқан «Менің атым Қожа» атты классикалық фильмі мен түрік тіліне аударған кітабының тұсаукесері Кечиөрен муниципалитетінің Неджип Фазыл сахнасында болып өтті.

Астананың 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында түрік тіліне аударылған «Менің атым Қожа» атты шығарманың тұсаукесеріне Қазақстан Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы, Кечиөрен муниципалитеті лауазымдылары, Еуразия жазушылар одағы төрағасы Якуб Өмероғлу, аудармашы Жәмиле Кынаджы және  киносүйер қауым қатысты.

Еуразия жазушылар одағы басып шығарған кітапты түрік оқырмандары үшін қазақ әдебиеттанушы Жәмиле Кынаджы аударған.

Естеріңізге сала кетейік, «Менің атым Қожа» кітабы әлемнің 61 тіліне, ал фильмі 10-нан астам тілге аударылған.

Соңғы жаңалықтар