«Менмен Майлиндер» мен «Қасаң Қалтайлар» қаптады - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 30 қазан, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
"Егемен Қазақстанның" бүгінгі санында "Елбасының ерен еңбегінің ерекше сыйлығы" деген тақырыппен ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Ислам қаржылары бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапатталғанына байланысты бір топ мақалалар беріліп отыр. Онда бірқатар лауазымды тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысына берілген осы мәртебелі сыйлық туралы өз ойларымен бөліскен.
«Еуразиялық құқық қорғау орталығы» қоғамдық қорының президенті Еңлік Нұрғалиеваның айтуынша, біздің мемлекет, бірқатар банктер осы қағидамен жұмыс жасап жатқандықтан, шариғаттың қағидалары елімізде жақсы дамып келеді. "Алайда, өте тиімді болған күннің өзінде де барлық банк бұл қағидаға көшкен жоқ. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жүйелі ету үшін екінші деңгейлі банктерді де осы жүйеге көшіру керек деп ойлаймын. Сондай-ақ, берген қаржының көлемін анағұрлым өсіру керек деп есептеймін. Бұл жүйемен тек біздің еліміз аумағында ғана емес, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер кеңістігі аясында да қарқынды жұмыстар жүргізілсе деген ниет бар. Бұл бірнеше банктің төңірегінде ғана қалып қоймай, исламдық қаржыландыру үдерісін одан ары дамыту үшін де аса маңызды болар еді", - дейді ол.
Аталған басылымда "Жылқы көтерген жігіт" деген тақырыппен Қызылорданың Жалағаш ауданындағы Нұрлан Сенбеков атты полиция қызметкері туралы жазылған. Басылымның атап өтуінше, Нұрлан былтыр Жалағашта өткен Наурыз тойында 150 кило тартатын бұқаны көтеріп, 80 метр жерге дейін жүріп барған. "Сөйтсек, Нұрлан қара жаяу жігіт емес екен. Алдымен Қызылордадағы Сейхун академиясын бітіріпті. Онан соң Болашақ университетін аяқтапты. Сол студент кезінің өзінде «Жігіт сұлтаны» байқауына қатысып, табиғат берген дарынымен ерекшеленіпті. Гір көтеруден, қол күресінен облыстағы бірнеше жарыста топ жарыпты. Отан алдындағы борышын Қордайдағы «Отар» гарнизонында өтепті. Әскер сапында жүрген шағында да гір тасын көтеруден өткен аймақтық жарыста алдына жан салмапты. Балуан Шолақ атамыз «көтердім 51 пұт гірдің тасын» деп әндеткен ғой. Ал Сенбеков тісімен 80 кило гірдің тасын көтереді екен. Сондай-ақ, «Жігіт сұлтанына» қатысқан уағында 10 шөлмекті сындырып, жалаңаш күйі үстіне жатыпты. Одан кәдімгі жалаңдаған қанжарды төбеден денесіне тастатыпты. Қысқасы, бала күнінен өзін өзі жаттықтырып, жетілдіріп жүрген жігіт болып шықты", - деп жазады мақала авторы.
Оның жазуынша, биылғы Наурыз тойында Нұрлан тағы да 180 кило салмағы бар тайдан құнан шығатын жылқыны көтерді. Құр көтеріп қана қоймай, орнынан он рет отырып-тұрыпты.
"Осы ретте мынадай ұсыныс айтқымыз келеді. Жылдағы Наурыз тойында бүкіл Қазақстанда осындай қара күштің сайыстары өтсе. Бұл елдің арасында жүрген дарындарды анықтауға таптырмас құрал еді. Сондай-ақ, баяғыда жігіттер көтерген дүниесін өзіне қалдырған екен. Мәселен, түйені көтере алса, бәйгесі ретінде берілген. Сол секілді, бәске тігілген дүние бәйге ретінде берілсе. Бұл да талай жігіттің ынтасын оятқан болар еді ғой", - дейді сөз соңында мақала авторы.
***
Кеңес өкіметінің аяқтан жаңа тұра бастаған кезеңінде Сталиннің түрлі себеппен қазақ ұлтының көшбасшысы, беделі мен абыройы өте зор тұлғалардың бірегейі Тұрар Рысқұловты Моңғолиядағы коммунистерге көмек беру үшін сонда жұмсағаны белгілі, деп жазады "Айқын" газеті бүгінгі санындағы "Моңғолиядағы қызметте ашылмаған құпия көп" атты мақалада.
Басылымның атап өтуінше, сол жақта 9 ай жүріп моңғолдардың тұңғыш Ата заңын өз қолымен жазып, әрі астанасының атын Ұлан-Батыр деп қойып берген Рысқұловты бүгінгі моңғол елі шын ниетпен құрметтейді. Ол жайында тарихи кітаптарымен қатар оқулықтарына да ерекше ілтипатпен енгізіп жүр. Тіптен ғалымдар Ресейдің Орталық мұрағатымен келісімшартқа да отырып, астанасының атауын белгілеп, Ата заңдарын жазып берген қайраткер жайында мың беттен асатын өте қызықты мағлұматтарды алдырыпты. Мұндай мағлұматты Астанада өткен «Түркі әлемі: тұлғалар тағылымы» атты халықаралық конференцияда Моңғолиядан келген профессор Чулуун Дашдаваа айтты.
Екі күнге созылған ғылыми конференцияда әлемнің бірқатар елінен жеткен салмақты ғалымдар тың жаңалықтарымен де бөлісті. Сонымен бірге Қырғызстандағы тарихшылар қауымдастығының президенті Тынчтыкбек Чоретегин Кенесары ханды ұлт-азаттық жолындағы күрескер ретінде жазып, оқулыққа енгізгендерін мәлімдеді. Ал Татарстаннан жеткен профессор Дамир Исхаков та тұлғалардың жаңа қырын тануға қатысты өзінің тосын ойларымен бөлісті. Жалпы, түркітілдес елдердің өкілдері бүгінгідей келелі басқосу өткізіп, ортақ тұлғаларын тану мен табу жолында тізе қоса қимылдауы сол бабалар мен ағалар салған ізгі жолдың заңды жалғасы екені анық, дейді мақала авторы.
Осы басылымда "«Менмен Майлиндер» мен «Қасаң Қалтайлар» қаптады" деген тақырыппен жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлымен болған сұхбат беріліп отыр.
"Қалай айтқанда да, мәдениет қоғамның дамуымен, әлеуметтік ортаның ықпалымен, жеке тұлғалардың белсенділігімен өркендей түседі. Бүгінгі күні рухани байлық, төл тарихымыз, осылармен ажырағысыз бірге жүретін өнер мен мәдениет мәселесі биік мінберлерден өз деңгейінде көтеріле бастады. Өйткені өнер мен мәдениет өріс алмайынша, өзге құнды дүниелеріміз кенжелеп қалады. Жақында бір газеттен оқыдым, көрші Ресей елінде «алдағы жылды «Әдебиет жылы» деп жарияласақ қайтеді?» деген ұсыныс түсіпті зиялы қауым тарапынан. Меніңше, өте дұрыс көтерілген мәселе",-дей келе жазушы былай дейді: - "Өз атымнан мынаны айтар едім. Жалпы, қазіргі кезде драматургияның дәуірі туды деуге толық негіз бар. Өйткені пьесаны сахналауға кино түсіруге кететін уақыттың үштен бірі де жетіп жатыр. Сонымен бірге, спектакль бар-жоғы 1-2 сағат ішінде көл-көсір өмір шындығын алдыңызға тоса алады. Бұл - адам жанын тазартуға, сезімді оятуға һәм жас ұрпақты ізгі ойларға тәрбиелеуге деген ең төте жол. Ашығын айтқанда, бізде әлі де бұл бағытта атқарылар іс, жүзеге асуға тиіс шаралар шаш етектен. Шеберлік турасында айтар болсақ - осы күні романист «әлсіз Әуезовтер» мен әңгіме жазғыш «менмен Майлиндер» көбейіп барады. Драма саласында «Қасаң Қалтайлар» қаптады".