Мердігер компаниялар өзі салған жолды 7 жыл бойы күтіп ұстауға міндеттеледі

АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында жол жобаларына тартылған компаниялардың жауапкершілігін арттырудың жаңа тәсілі енгізілетінін айтты.

қарабаев
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Соңғы жылдардағы жобаларды іске асыру тәжірибесін ескере отырып, мердігерлердің, жобалаушылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында осы жобаларда халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен EPCM келісімшарты және FIDIC қағидасы енгізілуде. Ондағы шарттарға сәйкес мердігер компания өзі жобалап, өзі салып, 7 жылға дейін күтіп ұстайды», — деді ол.

Министрдің сөзінше, бұл тәсіл жобалау мен құрылыс сапасының тәуекелдерін азайтады. 

Ведомство жобаларға жергілікті компанияларды тарту үшін мынандай шараларды ұсынып отыр:

— қазақстандық компаниялардың қатысуымен құрылған консорциумдарға жеңілдік беру;
— техникасы Қазақстанда шоғырланған компанияларға үстемдік беру;
— құрылыс жұмыстарын жүргізуге қазақстандық лицензия болу шарты;
— банктік кепілдемелер бергенде қазақстандық банктердің қарымта-кепілдіктерінің болуы.

«Ол ұсыныстар халықаралық қаржы институттарының қолдауын тауып, конкурстардың негізгі талабы ретінде бекітілуде. Бұл дегеніміз жергілікті компаниялардың әлеуетін, тәжірибесін арттырып, алдағы уақытта халықаралық құрылыс компанияларымен бәсекелес болуға мүмкіндік береді», — деді Марат Қарабаев.

Соңғы жаңалықтар