Мереке мағынасыз ойын-күлкімен емес, елге, ұлтқа өнегелік тәлім беретіндей жолмен аталып өткені ләзім ? депутат Г. Сейтмағанбетова

АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Парламент қолданыстағы мерекелер туралы заңға өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістер Наурыз мейрамының ұлттық мәнін көтеріп, басқа да мемлекеттік мерекелердің мән-маңызын айшықтай түсті. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Сейтмағанбетова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осы және басқа да заңдар төңірегіндегі
None
None
ой-пікірлерімен бөлісті. - Гүлнәр Сүлейменқызы, Парламент қолданыстағы мерекелер туралы заңға өзгерістер енгізді. Енді Президент қол қойса, биылғы Наурыз мейрамы ұлттық мереке ретінде 3 күн аталып өтпек. Осы орайда, Наурызды мерекелеуге байланысты пікіріңізді білсек. - Парламент мерекелер туралы заңға өзгерістер енгізілді. Біздің Жаңа жылымыз ? Наурыз мейрамы енді ұлттық мереке ретінде үш күн бойы аталып өтетін болды. Әріптестеріміз түгел қолдады. Бірақ мұның екінші жағы бар. Наурызды шын мәнінде ұлттық жаңару, мемлекеттік бірігу мейрамы түрінде атап өту ? елдігімізге сын. Жергілікті атқарушы органдар, басқа да жауапты ұйымдар осы ұлттық мерекені атап өтудің іс-шараларын алдын-ала жасағаны жөн болар еді. Үш күн бойы көшеде концерт қойып, ішіп-жеп кетумен шектелмеуіміз қажет. Наурыз рухани тәрбие беретін, өзге ұлт өкілдерін, елімізге келіп жатқан шетелдік меймандарды халықтық салт-дәстүрімізге қанықтыратындай іс-шаралардың жиынтығына айналуы тиіс. Ата-ананы сыйлау, жас ұрпаққа тәрбие беру, игі істерден өнеге алу жағы жан-жақты қамтылғаны абзал. Мәселен, біздер бұрын желтоқсанның аяғында Жаңа жыл мерекесін қарсы алу үшін туыстарымызға, жолдастарымызға әр түрлі сыйлықтар алатынбыз. Дәл солай Наурыз мейрамы қарсаңында жақын адамдарыңа азғантай болса да, сыйлықтар жасасаң, жарасымды емес пе? «Наурыздан сыйлық» деген атаумен шағын құттықтаулар мен ойыншықтар жасалса, қандай ғанибет! Олардың бағасы қымбат болмауы қажет. Наурыз қарсаңында көшелерде, баспасөзде бұл мерекенің ұлттық маңыздылығы жөнінде толыққанды мағлұматтар берілгені құба-құп болар еді. Сонымен қатар Қазақстанның әр түкпірінде Наурызды қарсы алудың өзіндік ерекшеліктері бар. Соның ішінде халықтық сипатқа ие болатындай дәстүрлерді енгізсек, оның ешқандай әбестігі жоқ. Айталық, Батыс Қазақстан аймағында 14-ші наурыз күні тұрғындар бір-бірімен сәлемдесіп, қос қолын беріп, көріседі. Әсіресе, жасы кіші адам ауылдағы үлкендердің бәріне барып, амандасып шығады. Ондайда үлкендер қатты разы болып, баталарын береді. Басқа өңірлерде де алуға болатын осындай өнегелі дәстүрлер бар. Сол секілді Наурыз мейрамы қарсаңында ауланы тазарту, үй ішін жинап, ерекше жасандырып қоюды насихаттағанымыз дұрыс болар еді. Ұлттық киімдерімізді киюдің жолдарын көрсетіп, бағыттарын ашып беру керек. Наурыз көжесі жыл сайын дайындалып жүр. Оның да әр түрлі жарыстарын өткізуге болар еді. Мәселен, біздер бір рет Маңғыстауда Шұбат мерекесін өткіздік. Сонда мерекеге жиналған халық шұбаттың бірнеше түрі болатынына көз жеткізді. Ең бастысы, ұлттық байырғы салт-дәстүрімізді жаңғыртып ғана қоймай, ХХІ ғасырға лайықты жаңа элементтерді кіргізе отырып, жас ұрпаққа үлкен тәрбие беретін мерекені атап өтуіміз қажет. Наурыз мейрамын алдағы уақытта үш күн бойы қалай атап өтуіміз туралы зиялы қауым өкілдері де баспасөзде өз пікірлерін айтады деген сенімім мол. Сонымен қатар 16-17 желтоқсан күндері Тәуелсіздік мерекесі болып белгіленді. Бір әріптестерім Желтоқсан оқиғасын еске алу күнін де қарастыру жөнінде пікір білдірді. Бізге тәуелсіздік сан ғасырлық күрестердің, арпалыстардың нәтижесінде келді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі де егемен ел болуды аңсаған жастардың сол кездегі билікке жасаған үлкен қарсылығы екені анық. Сондықтан Тәуелсіздік мерекесін атап өткенде оған Желтоқсан көтерілісінің де қатысы бар екенін ескергеніміз жөн. Сол күндері телеарналардан егемендікке дейінгі халықтың күресі мен бүгінгі жетістіктері туралы бағдарламалар кезек-кезек көрсетілсе, дұрыс болады деп есептеймін. Мәселен, 1917 жылы Қысқы сарайға шабуыл жасалып, кеңес үкіметінің құрылуын біздер кезінде 7 қарашада атап өтіп жүрдік. Ол да қантөгіспен келген жеңіс еді ғой. Ең басты мәселе, әрбір мереке мағынасыз ойын-күлкімен емес, елге, ұлтқа өнегелік тәлім беретіндей аталып өтуі қажет. - Сіз «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің жобасы бойынша жұмыс тобына басшылық жасап отырсыз. Осы заң жобасының қандай маңызды жақтары бар? - Бұл халықтың әл-ауқатын жақсартуға тікелей қызмет ететін заң. Кодекс жобасының мақсаты неғұрлым көп нормаларды бір нормативтік құқықтық актіге біріктіру болып табылады. Медицина мен денсаулық сақтау саласындағы қатынастарды құқықтық реттеудің бірыңғай қағидаттарын негіздеу мен бекіту ? Кодекс жобасының міндеті. Заңнамалық базаны, сондай-ақ оның өзге нормалармен және қағидаттармен қатынастарын айқындау, денсаулық сақтау саласындағы субъектілердің құзыретін, денсаулық сақтауды басқару органдарының жүйесі мен құрылымын нақтылау міндеті де қарастырылған. - Әріптестеріңіз тарапынан түскен ұсыныстар көп пе? -Иә, бұл кодекс жобасы бойынша депутаттардан өте көп ұсыныстар мен толықтырулар қабылданып жатыр. Қазіргі күнге дейін депутаттар 1000-ға жуық түзетулер берді. Бұл жоба Үкіметтен бізге келіп түскенде біраз мәселелер жан-жақты қамтылмағаны байқалып отыр. Соған орай депутаттар бұл құжатты ертеңгі күні елге қажетті заңдық нормаларды айқындап бере алатындай кодекс болып шығуы үшін толықтыру үстінде. Осы кодекс жобасын қарау барысында еліміздің көптеген заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажеттігі туындады. Соған байланысты бір топ депутаттар, оның ішінде өзім де бармын, денсаулық сақтау мәселесіне қатысты заңнамалық актілерге түзетулер енгізуді көздейтін жаңа заң жобасына бастамашылық жасап, Мәжілістің қарауына енгіздік. Бұл заң жобасын да кодекспен қатар қарап жатырмыз. Осы айдың аяғына дейін қорытынды әзірлеуіміз қажет. - Білуімізше, қазір әлеуметтік қолдау, әлеуметтік ынталандыру бағытындағы заң жобасы бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Осы жұмыс тобының мүшесі ретінде заң жобасы халыққа қандай әлеуметтік игіліктер қарастырылатынын айта аласыз ба? - Бұл заң жобасы жан-жақты жетілдірілді. Соның нәтижесінде өте жақсы заң өмірге келді деп есептеймін. Өңірлерге барып, халықпен жүздескенде, осы заң жобасының мақсаты оның тұрғындарға қолдау болатыны жөнінде түсіндіріп айттық. Бұл заң бойынша ауылдық жерлерге барған жас мамандарға еңбекақысына 25 пайыз үстеме ақы қосылуымен бірге, биылдан бастап 70 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде бір жолғы көмек көрсетіледі. Ал 2010 жылдан бастап үй мәселесін шешу үшін 630 АЕК көлемінде нольдік пайызбен несие берілетіні заңмен белгіленіп отыр. Бұл өте жақсы заң. Қазіргідей әлемдік қаржы дағдарысы қатты алаңдатып отырған жағдайда әлеуметтік салаға қызметке баратын жас мамандар үшін оның үлкен қолдау екені анық. Өткен жылы мен мамандардың жетіспейтіндігі, оларды әлеуметтік қолдау мәселесін шешу қажеттігі жөнінде Үкімет басшысына бірнеше рет депутаттық сауал жолдаған едім. Үкімет басшысының маған берген жауабында бұл мәселелердің арнайы қаралатынын, Ауыл шаруашылығы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері жанынан комиссия құрылатынын, оған депутаттар да мүше болатынын жеткізді. Комиссияның ұсынысы негізінде заң жобасы дайындалып, Парламент Мәжілісіне берген еді. Біздер ол заң жобасын дер кезінде мақұлдап, заң күшіне енуіне атсалыстық. Соның нәтижесі осы заң болды. Сондықтан бұл біздің депутаттық қызметіміздің ықпал етуінен өмірге келген заң деп толық айтуға болады. Мен Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесімін. Сондықтан әлеуметтік-мәдени салаға қатысты заң жобалары негізінен біздің комитет арқылы өтеді. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі заң жобасы бойынша жасақталған жұмыс тобының мүшесі болдым. Онда да біздер үкіметтік нұсқасында болмаған жаңа нормаларды енгіздік. Атап айтқанда, ауылдық жердегі тұрғындардың мал-жанына қатысты түзету жасалды. Жұрт күнделікті пайдаланатын сиырдың немесе түйенің сүті, 5-6 тауығының жұмыртқасы бұрын жіберілген кемшіліктерге орай отбасының табыс көзі деп есептелініп келді. Соған байланысты бірталай отбасылар атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай қалды. Үкіметтің берген заң жобасында осы жағы қарастырылмаған екен. Біз соған ұсыныс енгіздік. Ол норманы өзгерттік. Соның нәтижесінде жергілікті әкімшілік басқару органдары сол жердің ерекшеліктеріне қарай артық табыс түсірмейтін мал басын отбасының пайда көзі ретінде есепке алмайтын болды. Яғни, отбасы мал өнімін өзі пайдаланып отырса, ол кіріс әкелетін табыс көзі болып есептелмейді. Ал артық өнімдерін сатуға шығарса ғана пайда тауып отырғаны ескеріледі. Бұл көпбалалы отбасыларға үлкен қолдау болмақ. Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы заңға байланысты нұсқаулар мен ережесін дайындап жатыр. Оның бұрынғыдай ауытқып кетпеуіне, заңда көрсетілгендей болып шығуына біз баса назар аударып отырмыз. - Былтыр қабылданған үш жылдық республикалық бюджетте Елбасы Жолдауына сәйкес биылғы қаңтардың 1-інен бастап әлеуметтік жәрдемақылар, зейнетақы мен жалақы көлемі 25 пайызға өсті. Ал теңгенің девальвациялануына байланысты үстеме ақылар елеусіз болып қалған жоқ па? Халықты қуантып тастап едіңіздер, енді қалай болады? Кейбір заңдарға тағы да өзгерістер енгізу арқылы әлеуметтік қолдаудың басқа бір түрлерін ойластырған жөн бе? Жуырда сайлаушылармен кездесіп келдіңіздер ғой... - Қаржы дағдарысы алғашқыда барлық адамды ойландырып тастағаны рас. Теңгенің бағамы бірден өзгеріп кетуі қолайсыз кезге тап келді. Қыстың көзі қырауда, жылдың басында қаржы көздері енді жұмыс істей бастаған тұста болды. Біз 2007 жылы «Нұр Отан» партиясының сайлау алды тұғырнамасын қабылдаған кезде әлемдік қаржы дағдарысының осындай деңгейге жететінін ол кезде ешкім де сезе қоймағаны анық. Өткен жылы Мемлекет басшысы биыл және келер жылы зейнетақы мен жалақыны 25 пайызға, 2011 жылы 30 пайызға өсіру қажеттігін айтты. Үш жылдық бюджетте осылай белгіленді. Өзге бағдарламалар қысқартуға ұшырағанмен, әлеуметтік салаға бағытталған барлық төлемдер сол күйінде қалдырылды. Кейбір мемлекеттер әлеуметтік саланың қаражатын амалсыз шегеру жөнінде шешімге келіп жатыр. Мысалы, Латвия елі зейнетақы төлемдерін азайту үстінде, мемлекеттік қызметшілердің айлық жалақысын қысқартып жатыр, басқа да мемлекеттік шығындарын азайтуда. Соған қарағанда біздің елде жыл сайын үстеме ақы қосылып отырса, ол тұрғындарға жасалған үлкен қолдау деп есептеймін. Бұл дағдарысты ешкім сұрап алған жоқ қой. Бұл ? экономиканың заңы, қаржы жүйесінің ғаламдық құбылысы. Одан қашып құтылмайсың, төзімділікпен, сабырлылықпен жеңіп шығуға болады. Теңгенің девальвациялануы халықтың көңіліне үлкен әсер етті. Кездесулерде тұрғындар бұдан да қиын кездерді бастан кешкенін, еңбекақы мен зейнетақыны айлап ала алмай, жалақыны тауармен берген уақыттар да болғанын айта келіп: «Мұның бәрі уақытша құбылыс, алды-артымызға бір қарап, барлық жағдайымызды елеп-екшеп алуға мүмкіндік жасап тұрған шақ шығар» деген пікірлерін жеткізді. - Рақмет әңгімеңізге.
Соңғы жаңалықтар