Мерекеге қарсы Астананың жол полициясы күшейтілген жұмыс тәртібіне көшеді

Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Астана қаласы ІІД Жол полиция басқармасы бастығының орынбасары Бақытжан Малыбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, қаладағы жол қауіпсіздігі мен тәртібін бақылауға 450-ге тарта жол полициясы қызметкерлері тартылмақ.
«Мерекелік шаралар қаланың бірнеше жерлерінде болады. Олардың барлығында да, сонымен қатар саябақтрда, қаланың халық көп жиналатын орындарында жол сақшылары мен патрульдік құрам жасақтары қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Күшейтілген режим 25 наурызға дейін созылады», - деді Б.Малыбаев.
Оның атап өткеніндей, елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған басты мерекелік шара Тәуелсіздік көшесіндегі «Қазақ Елі» алаңында өтетіндіктен, аталмыш көше 12-25 наурыз күндері көлік қозғалысы үшін жабылады. Соған орай көлік жүргізушілері Тәуелсіздік сарайының артында орналасқан Обаған көшесі арқылы алаңды айналып өте алады.