«Мерейлі отбасы» республикалық конкурсына Ақтөбеден Түсіпқалиевтердің дәрігерлер әулеті қатысады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Мерейлі отбасы» республикалық конкурсына Ақтөбе өңірінен Түсіпқалиевтердің дәрігерлер әулет қатысады.
Отағасы Балаш Түсіпқалиевтің айтуынша, ол медицина саласына жүрек қалауымен келген. 1963 жылы Алматы мединститутының педиатрия факультетіне түскен. Ол балаларды жақсы көретін, өзі де көп балалы ағасының отбасына өсті. Оқуды бітіргеннен кейін Атырау облыстық ауруханасына жіберілді. Балалар дәрігерлері жетіспейтін еді, сондықтан да санавиациямен Атырау облысының шалғай елді мекендеріне жиі ұшып шығуға тура келді.
1974 жылы оны Ақтөбе қалалық ауруханасына қызметке шақырды. Осында ол дәрігерлік қызметімен қатар ғылыми жұмыспен айналысты - медицина институтының кафедрасында ассистент болды, Мәскеуде кандидаттық диссертациясын қорғады, кафедра доценті, факультет деканы, клиника басшысы, оқу жұмыстары жөніндегі проректор болды. Бүгін де ол зейнет жасынан асса да Батыс Қазақстан медициналық университетінің балалар аурулары кафедрасында абыроймен қызмет атқаруда.
Б.Түсіпқалиев ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Шапағат» медалінің иегері, 300 жарияланымның, 20 оқулық пен оқу құралдарының авторы, сонымен қатар республикада қазақ тілінде медициналық білім беруді ұйымдастырушылардың бірі. Екі ұлы - Асылбек пен Ақылбек те әке жолын таңдады. Асылбек педиатрия факультетін бітірді, медициналық жоғары оқу орнының тәрбие жөніндегі проректоры болды. Ақылбек емдеу факультетін бітіріп, акушерлік және гинекология кафедрасын басқаруда.
Олардың таңдауына Түсіпқалиевтер отбасындағы игілікті ахуал әсер етті. Өйткені анасы Жамал Түсіпқалиева көп жылдар балалар бақшасында медбике болып жұмыс істеді. Ал енді немерелері Перизат та мектеп бітіріп, дәрігер болғысы келеді.
- Біздің отбасымыздың күші - бір-бірімізді құрметтей білуде, сенім мен махаббатта, - дейді Жамал апа. Отбасылық дәстүрлер, рухани-адамгершіл құндылықтар олардың «Мерейлі отбасы» конкурсының облыстық турында гран-при иегері атануларына мүмкіндік берді. Түсіпқалиевтер республикалық деңгейде де Ақтөбе облысын лайықты көрсете біледі деген сенім зор.