Меркі ауданының тұрғыны 15 миллион теңгеге заңсыз спирт сатқан ? апталық брифинг

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жамбыл облысының Меркі ауданында Жұмашев деген азамат өткен жылы құны 15 миллион 800 мың теңгені құрайтын 14,5 мың литр спиртті заңсыз сатқан.

Меркі ауданының тұрғыны 15 миллион теңгеге заңсыз спирт сатқан ? апталық брифинг
Бұл мәліметтерді бүгін журналистермен болған брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, әлгі азамат тиісті көлемде айыппұл төлеп, шартты түрде 1 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында Сапаров деген азамат заңсыз әрекеттері үшін 328 мың теңге көлемінде айып төлейтін болды. Ол кеден арқылы шекарадан 1 миллион 300 мың теңгенің 2 мың литр спиртін алып өтпек болған. Осы тектес қылмыстар Қарағанды облысында да орын алған. Онда «Жихан Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры мұнай өнімдерін заңсыз пайдалану арқылы 73 миллион 300 мың теңге пайда тапса, Ақтөбе облысында «Уест Газ» ЖШС-ның директоры 2008-2009 жылдар аралығында рұқсатсыз сұйықталған газды сатып, 2 миллион 200 мың теңгені жамбасына басқан.