АҚШ-тың жаңа баж салығы бүкіл Еуропаға соққы — Мерц

АСТАНА. KAZINFORM — Германия канцлері Фридрих Мерц АҚШ президенті Дональд Трамптың Еуропалық Одақтан әкелінетін автокөліктерге кедендік бажды арттыру туралы шешімі бүкіл Еуропаға жасалған соққы деп санайды. Бұл туралы ТАСС агенттігі жазды.

мерц
Фото: BILD

Фридрих Мерц АҚШ-тың жаңа импорттық баж салығын Германияға арнайы бағытталған шара деп санамайтынын айтты.

— Ол бүкіл Еуропаға соққы жасағысы келеді, — деді Германия канцлері ARD телеарнасына берген сұхбатында. 

Сонымен қатар ол АҚШ президентінің аздап көңілі қалғанын атап өтті. Себебі Еуропалық Одақ 2025 жылдың тамызында келісілген сауда келісімін әлі толық аяқтамаған. Бұл құжатқа қарсы пікірлер Еуропарламентте әлі де сақтаулы тұр.

Германия үкіметінің басшысы түсіндіргендей, еуропалық тараптың үнемі жаңа талаптар қоюына байланысты Дональд Трамптың шыдамы таусылып отыр.

— Америкалықтар бәрін дайындап қойды, ал еуропалықтар — жоқ. Сондықтан біз мүмкіндігінше тезірек келісімге келуіміз керек, — деді Мерц.

Бұған дейін Дональд Трамп келесі аптадан бастап АҚШ-қа әкелінетін жеңіл автомобильдер мен жүк көліктеріне импорттық баж салығын 25%-ға дейін көтеретінін мәлімдеген болатын.