Мерзімді әскери қызметті жасақтау мәселесі күрделеніп барады – Айгүл Құспан

АСТАНА. KAZINFORM –. Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министріне сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан әскери қызметті таңдайтын жастардың саны жылдан жылға азайып бара жатқанына алаңдаушылық танытты.

Егіздер әскери қызметте
Фото: Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі

- Әскерге дейінгі дайындық - жастарымыздың елдік, ерлік санасын қалыптастырып дамытуға және Отан алдыңдағы қасиетті борышын орындауға зор ықпал етеді. Бұл салада шешуші фактор - формалды түрде қамту көрсеткіштері емес, дайындықтың шынайы сапасы. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген ұлағатты сөз дәл осы тұста салмақты да ардақты тұғырда. Уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметіне сүйінсек, елімізде әскери-патриоттық үйірмелер мен клубтардың кең желісі қалыптасқан. Онда жыл сайын жастарды кеңінен қамтитын түрлі іс-шаралар өткізілуде. Алайда, соңғы жылдары мерзімді әскери қызметті жасақтау мәселесі күрделеніп бара жатқаны, шындық. Оған қоса, әскери қызметті саналы түрде өмірінің өзегі, негізі етіп таңдаған жастардың саны жылдан жылға азайып барады, - деді депутат. 

Оның пайымынша, бұл көрініс атқарылып жатқан шаралар тиімділігінің жеткіліксіз және мұнда формализмнің кең орын алғанын көрсетеді. Осы олқылықтарды жою мақсатында 2025 жылдың 16 шілдесінде әскери-патриоттық тәрбие мен әскерге дейінгі дайындықты біртұтас әрі жүйелі моделін қалыптастыруға бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданды. Заң аясында салалық заңнамалар өзара үйлестіріліп, азаматтарды әскери қызметке даярлаудың нысандары нақтыланып, кеңейтілді. Аталған өзгерістер толық түрде шынайы іске асқан жағдайда, орта білім беру ұйымдарының барлығын, оның ішінде мамандырылған әскери мектептерді , оған қоса әскери-патриоттық бірлестіктерді қамтып, олардың дайындық шараларына, есепке алу жүйесіне, қол жеткізген табыстарын бағалауға және бірыңғай талаптарды нәтижелі жүргізуге мүмкіндік береді.

- Алайда, құқықтық түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі, сондай-ақ жекелеген уәкілетті органдар тарапынан орындаушылық тәртіптің төмендігі, аталған заң нормаларының бытыраңқы берекетсіздігіне, баяу іске асуына әкеліп, олардың өмірлік мәні бар нәтижесіне кері әсерін тигізуде. Әскерге дейінгі дайындықты дамыту – ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың және балғын жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі екенін Тәуелсіздік алған жылдарымызда әбден таныдық. Осыған орай, қысқа мерзімде ойы мен бойы, жаны мен қаны шыңдалған, отан сүйгіш жастарды дайындаймыз десек қазірден бастап барлық мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігерімен ауқымды ұйымдастырушылық, әдістемелік және басқарушылық жұмыстарды жүргізу ауадай қажет. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» қағидатын басшылыққа ала отырып, халық арасында білім беру ұйымдары мен жастар бірлестіктері арасында әскерге дейінгі дайындықтың жаңа талаптарын, оның маңызы мен болашағы жөнінде мақсатты әрі жүйелі құқықтық-түсіндіру жұмыстарын сапалы, нәтижелі түрде жүргізу қажет, - деді Айгүл Құспан.

Бұған дейін Оқу-ағарту мен Қорғаныс министрлігі оқушыларға арналған бірлескен әскери жиындар өткізетінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар