13:14, 24 Қаңтар 2009 | GMT +5
Мешітте халықтың ас-құдайы беруіне және діни мерекелерді өткізуіне лайықталған асхана ашылды
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 24-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік)/ - Қызылордадағы "Ақмешіт" орталық мешітінде халықтың ас-құдайы беруіне және діни мерекелерді өткізуіне лайықталған асхана пайдалануға берілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұған дейін халықтың ас беру, құдайы жолын жасау рәсімдері мейрамханаларда өткізіліп келді. Бұның дін тұрғысынан алғанда бірнеше жағымсыз жақтары бар еді. Біріншіден, мейрамханада мұсылман һарамға қосқан арақ-шараптың ұсталатыны кәдік. Екіншіден, даяшылар мұндай рәсімдерге дайындықсыз, ашық-шашық, дәретсіз араласады. Үшіншіден, ол рәсім жасаушыға қаражат жағынан да қиындықтар тудыратын. Облыс әкімдігінде қаңтардың 15-і күні өткен діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі комиссия отырысында комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедов алдағы уақытта қала тұрғындарының өтініші бойынша бірқатар дәстүрлердің мешіт арқылы жүзеге асырылатынын айтқан болатын. Міне, енді іске қосылған "Ақмешіт" асханасы әлгі аталған қиындықтардың жолын кесіп отыр. Мұндағы даяшылар? мешіт тәлабалары. Аспазшылары да таза, намазы, дәреті бар кісілер. Сонымен бірге жұртшылық молданы да алыстан іздемейді. Әр орынның бағасы 400 теңгеге жетпейді. Ендеше, баға мейрамханадағыдан 2,5 есеге дейін арзанға түседі. Асханаға 250-280 кісі еркін сияды. Ыдыс-аяқтар мешіттің өзінен шығарылады.
Бұл жөнінде облыстың бас имамы Дайрабай Рысбай: "Бүгінге дейін осы жерде үш рет ас-құдайы рәсімі өткізілді. Бұл елге де, мешітке де тиімді. Онан түскен ақшаны біз өз балаларымыздың діни сауаттануына, басқа да мешіт мұқтаждықтарына жұмсаймыз. Демек, құдайы жолына аталған ақша теріс жаққа кетпейді, оның қайырымды іске жұмсалуы үлкен сауапқа ие. Таза жерде айтылған тілек те таза", - дейді. Яғни, бұл ізгі бастама мешіт қызметін пайдаланудың халық үшін қай жағынан да тиімді екенін көрсетеді.