Мешіттерді тіркеу биылғы жылдың 1 наурызына дейін аяқталуы тиіс - БҚО
ОРАЛ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның жаңа нұсқасына сәйкес, діни ұйымдардың құрылтай құжаттарына тиісті өзгерістер енгізілуі қажет.
Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің төрағалығымен өткен Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысында айтылды.
Биылдан бастап еліміздегі бүкіл мешіттердегі діни бірлестіктер, ғимараттар және олар орналасқан жердің аумағы ҚМДБ-ның теңгеріміне өтуі тиіс. Алайда, Қазталов ауданының Қараоба ауылындағы, бұрынғы Тайпақ және Сырым ауданындағы екі елді мекендегі мешіттер тіркеуден өтпеген. Демек, тіркеуді жеделтпесе, ауылдағы бақылаусыз және иесіз қалған мешіттердің жат пиғылдағы діни ұйымдардың ықпалына өтуі мүмкін. Сондықтан Кеңес, мешіттерді тіркеу, құжаттарды заңдастыру жұмыстарын осы жылдың 1 наурызына дейін аяқтауды міндеттеу жөніндегі ұйғарымға келді. Сонымен қатар, діни ғимараттарды тіркеуді жеделдету үшін оны облыстық деңгейдегі бір имамға немесе айрықша өкілеттілік берілген адамға жүктеу жөнінде шешім қабылданды.
Екінші мәселе - «Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды тарату үшін арнайы тұрақты орындарды бекіту жөніндегі жергілікті атқарушы биліктің құзіреті туралы» Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Бауыржан Мұхамбетжановтың хабарламасы тыңдалып, назарға алынды. Заңға сәйкес, бұдан былай арнайы бекітілген жерден тыс орындарда діни әдебиеттерді таратуға тыйым салынады. Көшелерде діни кітаптар сатылатын орындар жабылып, кез келген қоғамдық орында және үйлерге діни әдебиеттерді таратуға рұқсат етілмейді. Енді тек мешіттер мен шіркеулер, өзге де діни ғимараттарда ғана діни әдебиет пен кітаптарды сатуға және таратуға рұқсат етілген. Қалалық ішкі саясат бөлімі де қаладағы кітапханаларды жіті тексеріп, онда тыйым салынған діни әдебиеттердің болмағандығын анықтады. Сондай-ақ, облыс орталығындағы кітап дүкендері мен базарда да жалпы діни әдебиеттің, соның ішінде заң бойынша тыйым салынған кітаптардың сатылмауына айрықша мән берілуі керек. Қалалық, аудандық кітапханалар қорын тексеру бұдан әрі де жүргізіле береді.