Меtа Еуропарламент сайлауы қарсаңында жасанды интеллекті теріс пайдаланумен күресетін топ құрады
АСТАНА. KAZINFORM – Меtа Еуропарламент сайлауы қарсаңында жалған ақпаратпен және генеративті жасанды интеллектті теріс пайдаланумен күресу үшін арнайы топ құрады. Бұл жағдай сайлауға араласуға және ЖИ жасаған жаңылыстыратын мазмұнның таралуына қатысты алаңдаушылыққа байланысты орын алған, деп хабарлайды Reuters.

Сұрауларға жауап ретінде мәтінді, суреттерді және бейнелерді секундтарда жасай алатын ЖИ-дың қарқынды дамуы алаңдаушылық туғызуда, өйткені оны биыл бүкіл әлемде сайлауға араласу үшін пайдалануы мүмкін.
Еуропарламентке сайлау 6-9 маусым аралығында өтеді.
«Сайлау жақындаған сайын біз ықтимал қауіптерді анықтау және нақты уақыт режимінде азайту шараларын қабылдау үшін Сайлау бойынша жедел орталықты (Elections Operation Center) іске қосамыз», - деді ЕО-ның Meta-дағы істері бөлімінің басшысы Марко Панчини.
Оның айтуынша, компанияның деректер ғылымы, инженерия, зерттеу, контент саясаты және заң сияқты әртүрлі бөлімшелерінің сарапшылары жалған ақпаратпен күресуге, ықпал ету операцияларына қарсы тұруға және ЖИ-ды дұрыс пайдаланбаумен байланысты тәуекелдерді шешуге назар аударады.
Оның айтуынша, Меtа қазіргі уақытта Еуропалық Одақ бойынша 26 тәуелсіз фактчекинг ұйымдарымен жұмыс істейді және Болгария, Франция, Словакия елдерінде үш жаңа серіктесті қосуды жоспарлап отыр.
Осы айда Meta, Microsoft, OpenAI және басқа 17 технологиялық компания бүкіл әлем бойынша сайлауға әсер етуі мүмкін алдамшы ЖИ арқылы жасалған мазмұнның таралуын болдырмау үшін бірлесіп жұмыс істеуге келісті.