Мейірғат Амангелдин: «Нүкте» телехикаясы лудоманиядан кейінгі өмір туралы

АСТАНА. KAZINFORM — «Жібек жолы» арнасы мен «Юнико Плей» платформасының алғашқы бірлескен жобасы — «Нүкте» телехикаясы 1 желтоқсаннан бастап көрерменге жол тартады. Бұл туралы актер Мейірғат Амангелдин Jibek Joly телеарнасының Бүгін LIVE бағдарламасында айтты.

Мейірғат Амангелдин
Фото: Видеодан алынған скрин

Актердің айтуынша, жаңа телехикая 20 бөлімнен тұрады, әр серия шамамен 40-45 минутқа созылады.

— Түсірілім алаңында 40 күннен астам болдым. «Нүкте» деген үлкен мағыналы ұғым. Адамның өткен өміріндегі жағымсыз тұстарға нүкте қоюға қатысты. Орта жастағы Данияр есімді жігіттің құмар ойынға тәуелді болып, оның соңында қандай жағдайларға тап болғаны, одан кейінгі өмірі баяндалады. Көбіне құмар ойынның салдары мен адам тағдыры көрсетіледі, — деді ол.

Мейірғат Амангелдин үш режиссермен қатар жұмыс істеу шығармашылық тұрғыда үлкен тәжірибе болғанын айтты.

— Үш режиссердің ойы кейде әртүрлі болады. Тіпті қалжыңдап, «үшеуіңізге үш түрлі ойнап берейін» деген кездерім де болды. Әр режиссердің жұмыс тәсілі бөлек. Актер ретінде тез бейімделуге үлкен мектеп, — деді актер.

Ол сондай-ақ телехикая қоғамда жиі айтылатын, бірақ толық ашылмайтын мәселелерге жауап беретінін атап өтті.

— Біз көбіне лудомания туралы айтамыз, бірақ одан арылған адамның кейінгі өмірі қандай болатынын білмейміз. Бұл сериал осы сұрақтарға жауап береді деп ойлаймын. Қазір ондай жағдайға тап болған таныстар әркімде бар. Өзім де студенттік кезімде екі айдай сондай тәжірибем болған. Кей сәттерде сол өткен күндеріммен байланыстырып ойнадым. Бұндай жағдай адамның ішкі жан дүниесіне ауыр тиетін мәселе, бір ауыз сөзбен шешілмейді. «Нүкте» телехикаясы осының бәрін көрсетеді, — деді Мейірғат Амангелдин.

Бұған дейін Отандық фильм халықаралық кинофестивальдың лауреаты атанғанын жазғанбыз.

Елімізде лудомания диагнозы неше адамға қойылды.

Сонымен қатар лудомания деген не, оның ойынқұмарлық, маскүнемдік пен нашақорлықтан айырмашылығы бар ма? Бұл туралы Kazinform агенттігінің материалынан оқи аласыз.

Соңғы жаңалықтар