Microsoft АҚШ мектептеріндегі жасанды интеллект жүйелеріне жаңа шектеулер енгізеді

АСТАНА. KAZINFORM- Microsoft АҚШ мектептерінде қолданылатын жасанды интеллект жүйелеріне арналған жаңа шектеулер мен құпиялылық стандарттарын енгізеді, деп хабарлайды Euronews.

Microsoft сократит 4800 рабочих мест
Фото: foxbusiness.com

Жаңа ережелер елдегі екінші ірі мұғалімдер кәсіподағымен келісілді.

Келісімге сәйкес, оқушылардың жасанды интеллект жүйелерімен эмоционалдық байланыс орнатуына немесе оларға тәуелді болуына ықпал ететін серіктес-боттар мен функцияларды пайдалануға тыйым салынады. Сондай-ақ оқушылардың оқу тапсырмасын орындауға қажетті уақыттан ұзақ уақыт бойы назарын ұстап тұратын функцияларға шектеу қойылады. Бұл стандарттар заңды күшке ие және тәуелсіз аудит жүргізуді қарастырады.

Microsoft оқушылар мен мұғалімдердің деректерін өздерінің жасанды интеллект жүйелерін оқыту үшін пайдаланбауға міндеттенді. Бұған оқушыларды қорғау үшін қажет деректердің шектеулі жиынтығы ғана кірмейді. Жиналған ақпаратты сатуға, жарнама мақсатында пайдалануға немесе жаңа өнімдер әзірлеуге қолдануға болмайды.

Сонымен қатар компания отбасыларға өзінің жасанды интеллект құралдарының қалай жұмыс істейтінін және қандай деректерді жинайтынын айқын түсіндіруге тиіс. Жаңа стандарттар 1 қарашадан бастап АҚШ-тағы Microsoft компаниясының барлық мектептермен жасалған келісімшарттарына қолданылады.

Америкалық мұғалімдер кәсіподағымен осындай келісімдерді OpenAI және Anthropic компаниялары да талқылап жатыр. Екі компания да білім беру саласында жасанды интеллект қауіпсіздігін күшейту және деректерді қорғау бастамаларын қолдайтынын мәлімдеді.

Бұған дейін Meta балалардың қауіпсіздігіне қатысты талаптарды реттеу үшін $17 млрд төлеуге келіскені туралы жаздық.