Мигранттар бүлігі: Лос-Анджелеске тағы 2000 ұлттық гвардияшы, 700 теңіз жаяу әскері жіберілді
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі билік иммиграциялық қызмет жүргізген рейдтерден кейін шерушілер мен қауіпсіздік күштері арасындағы қақтығыс кезінде Лос-Анджелеске 700 теңіз жаяу әскерін жіберіп жатқанын растады, деп хабарлайды ВВС.

Кейін қалаға Ұлттық гвардияның тағы 2 мың сарбазы жөнелтіліп жатқаны белгілі болды.
Ақ үйдің жоғары лауазымды шенеунігінің AFP-ге хабарлауынша, бұл шешім «федералдық қызметкерлер мен ғимараттарға қауіп-қатердің күшеюіне жауап ретінде» қабылданған. Оның айтуынша, теңіз жаяу әскері қалаға жақын маңдағы «Кэмп-Пендлтон» теңіз пехотасы базасынан жіберілді.
Калифорния губернаторы Гэвин Ньюом бұл шешімді «ақылсыз» деп атады.
Еске сала кетсек, 6 маусым күні кешке Калифорнияның оңтүстігіндегі Лос-Анджелесте ICE иммиграциялық қызметінің ауқымды рейдтеріне байланысты наразылық шерулері басталды.
АҚШ-тың бірнеше қаласында президент Дональд Трамптың заңсыз иммиграциямен күресу жөніндегі ауқымды науқаны аясында мигранттарды ұстау рейдтері өтіп жатыр.
8 маусымда наразылық білдірушілердің қақтығысынан кейін Трамп Лос-Анджелеске Ұлттық гвардияны жіберді.